Иран Оңтүстік Кореяның мұнай танкеріне жасалған шабуылға қатысы жоқ екенін мәлімдеді
АСТАНА.KAZINFORM - Иран Ормуз бұғазында Оңтүстік Кореяның мұнай танкеріне шабуыл жасады деген ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды, деп хабарлайды Anadolu.
- Біз Иран Қарулы Күштерінің Ормуз бұғазындағы Оңтүстік Корея туы бар кемеге зақым келтіру оқиғасына қатысы бар деген кез келген айыптауларды қатаң түрде жоққа шығарамыз, - деп мәлімдеді Сеулдегі Иран елшілігі.
Дипломатиялық миссия АҚШ-тың әрекеттеріне байланысты Ормуз бұғазындағы теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз ету шарттары өзгергенін атап өтті.
Осыған байланысты аймақ арқылы өтетін барлық кеменің белгіленген ережелерді сақтауы және Иран билігімен үйлестіре әрекет етуі қажет екені аталды.
Елшілік бұл талаптарды орындамау жауапкершілікке әкеп соғатынын атап өтті.
4 мамырда Оңтүстік Кореяның «HMM Namu» жүк кемесіне Ормуз бұғазында белгісіз зат арқылы соққы жасалды. Кейіннен шабуылды осы стратегиялық маңызды су жолын басқаратын Иран жасады деген айыптаулар пайда болды.
Айта кетейік, Иран АҚШ-қа жаңа келісім жобасын Пәкістан арқылы жолдады.