Иран Ормуз бұғазы маңындағы АҚШ шабуылдарынан кейін Кувейтке соққы жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Парсы шығанағындағы жағдай Иран мен АҚШ арасындағы өзара шабуылдан кейін қайтадан шиеленісе түсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі. 

Иран Ормуз бұғазы маңындағы АҚШ шабуылдарынан кейін Кувейтке соққы жасады
Фото: Anadolu

Кувейт Қорғаныс министрлігінің сәрсенбі күні хабарлауынша, Иран тарапынан зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасалған шабуыл салдарынан бір адам қаза тауып, ондаған адам жараланған.

Ведомствоның мәліметінше, сәрсенбі күні таңертеңнен бері әуеде 30 нысана тіркелген. Оның 13-і баллистикалық зымыран, ал 17-сі ұшқышсыз ұшу аппараты болған. Олардың кейбірінің сынықтары тұрғын аудандарға құлаған. Шабуылдар азаматтық инфрақұрылым нысандарына, соның ішінде Кувейт халықаралық әуежайына да әсер еткен. Осыған байланысты әуежай жұмысы уақытша тоқтатылған.

Кувейт билігі бұл оқиғаны «Иран агрессиясы» деп атап, ұлттық қауіпсіздікті қорғау үшін қажетті шараларды қабылдауға құқылы екенін мәлімдеді.

Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесі де шабуылды айыптады. Ал Біріккен Араб Әмірліктері президентінің кеңесшісі Анвар Гаргаш өңір елдерін жағдайға ортақ ұстаныммен жауап беруге шақырды.

Тегеран бұл әрекеттер АҚШ-тың Иран нысандарына жасаған шабуылдарына жауап болғанын мәлімдеді. Иран Сыртқы істер министрлігі АҚШ операцияларын қолдағаны үшін Кувейт пен Бахрейнге «тікелей және айқын жауапкершілік» жүктеді. Тегеранның мәлімдеуінше, бұл елдердің аумағы мен инфрақұрылымы АҚШ-тың Иранға соққы беруі үшін пайдаланылған.

Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының нұсқасына сәйкес, оқиға АҚШ-тың Ормуз бұғазы маңындағы ирандық мұнай танкеріне шабуыл жасауынан басталған. Соның салдарынан кеменің машина бөлімі зақымданған.

Тегеранның айтуынша, америкалық күштер Кешм аралындағы Ислам революциясы сақшылар корпусының байланыс нысанына соққы берген. Бұған жауап ретінде Иран аймақтағы америкалық әскери нысандарға, соның ішінде Бахрейндегі АҚШ Бесінші флотының штаб-пәтеріне зымырандар мен дрондар арқылы шабуыл жасағанын мәлімдеді.

АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы Кешм аралына жасалған соққыларды растады және оларды өзін-өзі қорғау мақсатында жасалған әрекет деп атады. Сонымен бірге Вашингтон америкалық базаларға сәтті соққы жасалды деген мәлімдемелерді жоққа шығарып, Иранның барлық шабуылды тойтарылғанын және көзделген нысаналарға жетпегенін хабарлады.

Қарсыластықтың жаңа кезеңі АҚШ пен Иран арасындағы атысты тоқтату жөніндегі осал келісімдердің сақталып тұрған кезеңінде болды.

Кең ауқымды келісім бойынша келіссөздер жалғасып жатқанымен, тараптар Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы, санкциялар және қақтығысты реттеу шарттары мәселелерінде әлі де ортақ пікірге келе алмай отыр.

Айта кетелік АҚШ Иранға қарсы блокада кезінде 118 кеменің бағытын өзгертті. Сонымен қатар Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздердің тоқтауына байланысты мұнай бағасы көтерілген еді