Иран Ормуз бұғазын ашу туралы ұсынысқа АҚШ-тың жауабын күтіп отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қатар кеме қатынасын қалпына келтіру бойынша Тегеран мен Вашингтон арасындағы келіссөздерге араағайын болып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи 28 қыркүйек күні кешке Нью-Йоркте Ормуз бұғазын ашу туралы ұсынысқа АҚШ сейсенбіден қалмай ресми жауап береді деп үміт артатынын мәлімдеді. Бұл туралы Иранның мемлекеттік IRNA ақпарат агенттігі хабарлады.
Арагчидің айтуынша, Қатар өкілдері Тегеранның шарттарын орындаудың ықтимал жолдарын Иран тарапымен талқылаған. Енді олар бұл идеяларды Вашингтонға тағы да ұсынып, содан кейін АҚШ жауабын Иранға жеткізуді көздеп отыр.
— Оны ертең аламыз деп үміттенемін, - деді министр дүйсенбі кешінде.
Өткен аптада Иран бұғазды ашуды және жеті күн ішінде ядролық келіссөздерді қайта бастауды ұсынған болатын. Жоспар талаптарының қатарында жеті күн ішінде барлық бағыттағы, соның ішінде Ливандағы әскери іс-қимылдарды тоқтату бар. Сондай-ақ Иран АҚШ-тан бұғатталған қаржы активтерін босатуды, Иран мұнайына қатысты санкцияларды алып тастауды және теңіз блокадасын тоқтатуды талап етіп отыр.
Сенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ұсынысынан бас тартатынын мәлімдеді. Алайда Арагчидің айтуынша, Тегеран әлі делдалдар арқылы АҚШ-тың ресми жауабын алған жоқ. Жексенбі күні Трамп Иранмен келіссөздерді осы аптада жалғастыруға рұқсат берді.
Тараптар ықтимал келісім нені қамтуы керектігі бойынша да ымыраға келе алмай отыр.
Иран бұғаздың ашылуын өз порттарынан блокаданың алынып тасталуымен және басқа да шарттардың орындалуымен байланыстырады. АҚШ Ираннан ядролық бағдарлама бойынша өз талаптарына көнгенін күтіп отыр.
Дүйсенбіде Трамп Тегеран бұл талаптарға көнуі үшін санкцияларды жеңілдетуді және мұздатылған қаражатты босатуды ұсынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Кеше Арагчи Тегеран келіссөздерге де, АҚШ-пен жаңа қақтығысқа да дайын екенін мәлімдеген.
Сондай-ақ 28 қыркүйекте АҚШ-Иран келіссөздерінің жаңа кезеңі өтетіні туралы хабарланды.