Иран Ормуз бұғазынан өту тәртібін бұзған кемелерді тәркілейтінін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Иран Тегеран белгілеген Ормуз бұғазы арқылы өту тәртібін бұзған кемелерге айыппұл салынатынын, сондай-ақ олардың тәркіленуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Иранның Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазы басқармасы (PGSA) жексенбі күні стратегиялық маңызы бар аумақта Иранның кеме қатынасына қатысты талаптарын сақтамайтын кемелерге шектеу енгізілгенін мәлімдеді. Атап айтқанда, бұғаздан өткенде тәртіп бұзған кеме келесі сапарында тоқтатылып, айыппұл салынуы, кей жағдайда тәркіленуі мүмкін.
PGSA, сондай-ақ, Иран билігі тәртіп бұзды деп санайтын кемелердің тізімін жариялады. Парсы шығанағына немесе Парсы шығанағынан жүк тасымалдаушыларға кеме жалдамас бұрын осы тізіммен танысып алу ұсынылды.
Сонымен қатар бұл шектеулер тізімдегі кемелерге өзара байланысты бар, яғни олардан жүк артқан не жүк тиеп алған, сондай-ақ жүкті өзіне қотарып тиеген кемелерге де қатысты болады.
Кемені бұл тізімнен шығару үшін иесі немесе операторы Иранның теңіз қатынасы жөніндегі билігіне ресми өтініш беріп, тиісті түсініктеме ұсынуы қажет.
Axios басылымы бұған дейін АҚШ әскерилерінің Ормуз бұғазында Оман жағалауының оңтүстік бөлігі арқылы танкерлер қатынайтын балама бағыт ұйымдастырғанын хабарлаған еді. Басылымның мәліметінше, бұл бағыт арқылы түнгі уақытта шамамен 15-20 танкер өтеді.
Олар тәулігіне жалпы көлемі 10 миллион баррельге жуық мұнай тасымалдайды.
Бұған дейін Вашингтон Тегеранға экономикалық қысымды күшейткенін хабарлаған болатын, Иранның бұл мәлімдемесі соған тұспа-тұс жасалды.
Одан бөлек, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға экономикалық қолдау көрсететін әрі сауда-экономикалық байланыстарын жалғастыратын елдерге санкция салатынын ескерткен.
Айта кетейік, Иран мамыр айында Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазы басқармасын құрған болатын.
Аударған: Ақзат Жиеналина