Иран порттағы жарылысқа зымыран отынының қатысын жоққа шығарды

АСТАНА. KAZINFORM – Тегеран Иранның ең ірі портында қатты зымыран отынының негізгі құрамдас бөлігін өндіруге пайдаланылған зат жарылды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды DW ақпарат агенттігі.

Иран порттағы жарылысқа зымыран отынының қатысын жоққа шығарды
Фото: IRNA

Иран билігі ондаған адамның өмірін қиған Иранның ең ірі сауда портындағы жарылыс химиялық заттарды абайсыз қолдану салдарынан болғанын және оның зымыран отынына еш қатысы жоқ екенін хабарлады, деп жазды БАҚ. Бұл туралы жексенбі, 27 сәуір күні елдің Қорғаныс министрлігі жариялап, мұндай хабарламалар «Иран дұшпандарының ықпалында» пайда болғанын баса айтты.

Қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде Бендер-Аббас қаласындағы Шахид-Раджаи порты аймағында әскери жүктер болмағаны, бірақ жарылыстың нақты себебін әлі анықтау керек екені айтылған.

Жергілікті биліктің мәліметінше, өрт сөндірушілер өрттің 90 пайызға жуығын сөндірді, жағдай бақылауға алынды.

40 адам қаза тауып, 1200 адам жарақат алды

27 сәуір күні кешке мемлекеттік БАҚ-та жарияланған соңғы ақпаратқа сәйкес портта бір күн бұрын болған күшті жарылыс салдарынан кемінде 40 адам қаза тауып, 1200 адам жарақат алған.

New York Times газеті айлақта баллистикалық зымырандарға арналған қатты отынның негізгі ингредиенті – натрий перхлораты жарылғанын хабарлады.

Жанармай резервуарының жарылуы

Tasnim ақпарат агенттігі портта жанармай сұйық қоймасының жарылғанын хабарлады. Бірақ Иранның мұнай өңдеу және тарату ұлттық компаниясы жарылыстың мұнай өңдеу зауыттары, жанармай цистерналары, тарату кешені мен мұнай құбырларына қатысы жоқ екенін түсіндірді.

Иранның Төтенше жағдайларды басқару агенттігінің баспасөз хатшысы Хосейн Зафари мәлімдегендей, алдын ала тергеу апаттың жанғыш және химиялық материалдары бар контейнердегі жарылыс немесе өрт салдарынан болғанын көрсетті. Tasnim мәліметінше, жарылыс толқынының күшті болғаны сонша, эпицентрге жақын орналасқан әкімшілік ғимаратты толығымен қирап, аудандағы көптеген көлік өртеніп кетті.

Еске сала кетсек, 26 сәуірде Иранның оңтүстігіндегі портта жойқын жарылыс болды. 

Қайғылы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Иран Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады. 

Сонымен қатар Иранның жарылыс болған портының Қазақстан үшін маңызы қандай екені нақтыланды. 

Соңғы жаңалықтар