Иран президенті Қазақстанның өңірдегі бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуде және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуда күн санап маңызды рөл атқарып келеді. Бұл туралы Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан ҚР Президентінің Телерадиокешеніне берген эксклюзивті сұхбатында айтты.
Иран президенті Қазақстанның қарқынды дамуы өңір елдері мен жаһандық серіктестер арасындағы мәдени, ғылыми және әлеуметтік-саяси байланыстарды кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
— Қазақстан қарқынды даму кезеңінде тұр және Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы маңызды торапқа айналып отыр. Жылдам даму мәдени, ғылыми, көркем және әлеуметтік-саяси өзара іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік береді, — деді Иран көшбасшысы.
Оның сөзінше, егер көлік бағдарларын кеңейтіп, өзара әрекеттесуді тереңдетсе, Қазақстан өңірдің мәдени орталығына айналуы мүмкін. Бұл өз кезегінде халықтардың көзқарасын жақындатып, бейбітшілікті нығайтады және дамуды жеделдетеді.
— Біздің кәсіпкерлер, инвесторлар, ғалымдар және мәдениет қайраткерлері байланыстарды әлдеқайда оңай орната алады. Қазақстан, Иран және өңірдің басқа да елдері ілгері шыққан өзге мемлекеттерден еш кем емес деп білемін. Сондықтан бір-бірімізге көмектесе отырып, зор жетістіктердің нәтижесін көреміз, — деді Пезешкиан.
Сұқбаттың толық нұсқасын мына сілтемеден оқи аласыз.