Иран СІМ басшысы Исламабадқа АҚШ-пен келіссөздер үшін келуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Аббас Арагчи жұма күні кешке шағын делегациямен Исламабад қаласына келуі мүмкін. Тараптар Пәкістанның делдалдығымен келіссөздердің жаңа кезеңін өткізуі мүмкін, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

Иран СІМ басшысы Исламабадқа АҚШ-пен келіссөздер үшін келуі мүмкін
Фото: t.me/s_a_araghchi

Бұл сапар аясында АҚШ тарапымен келіссөздердің жаңа кезеңі өтуі ықтимал, деп хабарлайды Reuters агенттігі Пәкістан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап.

Дереккөздің айтуынша, бейбіт келіссөздердің өту ықтималдығы жоғары. Сонымен қатар, логистика және қауіпсіздік мәселелеріне жауапты америкалық топ кездесу дайындығы үшін Пәкістан астанасына алдын ала келген.

Осыған ұқсас ақпаратты Al Arabiya да Пәкістан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап таратты.

Бұған дейін пәкістандық делдалдармен өткен консультациялардан кейін тараптар Исламабадта келіссөздердің екінші кезеңін өткізу мүмкіндігін қарастырып жатқаны хабарланған еді. Бұл бастама бейбіт процестің болашағына қатысты белгісіздік сақталып отырған кезеңде көтеріліп отыр.

Күтіліп отырған сапар алдында Арагчи Асим Мунир және Исхак Дармен телефон арқылы сөйлескен. Пәкістан Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, тараптар өңірлік ахуал, атысты тоқтату және АҚШ пен Иран арасындағы дипломатиялық байланыстар мәселелерін талқылаған.

Исхак Дар тұрақты диалогтың маңызын атап өтсе, Аббас Арагчи Пәкістанның келіссөздерге жәрдемдесудегі «дәйекті әрі сындарлы рөлін» жоғары бағалаған.

Сондай-ақ, апта ішінде Исламабадқа байланыс құралдары, көлік, қауіпсіздік қызметкерлері мен техникалық персоналды жеткізу үшін кемінде тоғыз америкалық ұшақ келгені хабарланды.

БҰҰ Иран блокада аяқталғаннан кейін келіссөздерге дайын екенін мәлімдеді.