09:17, 05 Сәуір 2010 | GMT +5
Иран ядролық қарусыздану мәселесі бойынша конференция өткізеді
АСТАНА. Сәуірдің 5-і. ҚазАқпарат - Сәуір айында Иран ядролық қарусыздану мәселесі бойынша халықаралық конференция өткізеді. Бұл туралы Бейжіңде Қытайдың ресми тұлғаларымен кездесу өткізген Иранның ядролық бағдарлама жөніндегі келіссөз жүргізуші тобының жетекшісі Сайид Жалили мәлім етті. С.Жалилидің айтуынша, Қытай Халық Республикасы конференцияға қатысуға келісімін берді,
деп хабарлайды ВВС телекомпаниясы.
Тегран, ядролық бағдарламасына келешекте салынуы ықтимал санкцияларға жол бермес үшін, Қытайдың қолдауына ие болуға тырысуда, дейді сарапшылар.
Дегенмен, Иранның Президенті Махмұд Ахмадинежад сенбі күні жасаған мәлімдемесінде, Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан Тегранға қатысты салынуы мүмкін жаңа санкциялардың елді одан бетер нығайтып, оның дербестігін арттыра түсетінін айтты.
Ал осының алдында ғана АҚШ Президенті Барак Обама, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөз жүргізуші алты державаның (Ресей, АҚШ, Франция, Германия, Ұлыбритания және Қытай) Иранға қарсы жаңа санкциялар топтамасын әзірлейтінін мәлім еткен болатын.