Иранда әкесі қызын көпшіліктің көзінше пышақтап, мерт қылды
АСТАНА. KAZINFORM – Иранның Исламшехр қаласында әкесі 18 жастағы қызы Фатеме Солтаниді сұлулық салонында жұмыс істегені үшін пышақтап өлтірді, деп хабарлайды IranWire.

Фатеме әйелдерге арналған сұлулық салонында жасырын жұмыс істеген, себебі әкесінің қаһарынан қорыққан. Қыздың сұлулық салонында жұмыс істейтінін естіген әкесі бірден сол жерге жетіп барған. Қыз әкесін сырттан көріп, анасына қоңырау шалып, не істеу керектігін сұраған.
Алайда ер адам салоның ішіне кіріп, қызына бірнеше рет пышақ сұққан.
Куәгерлердің айтуынша, ол тіпті қызының шашынан ұстап, басын алуға әрекеттенген. Бірақ көшедегілер айқайлай бастағанда, қашып кеткен. Кейін әйеліне хабарласып: «Сені осы қайғымен бірге қалдырдым» деген.
Белгілі болғандай, әкесі үнемі қысым көрсеткені үшін Фатеме анасымен бірге бөлек тұрған.
HRANA ақпарат агенттігінің мәліметінше, қылмыскер ұсталып, оған қатысты іс қозғалған.
Иранда фемицид бойынша нақты статистика жарияланбайды, бірақ мұндай жағдайлар жергілікті басылымдарда жиі жарық көреді.
Жергілікті БАҚ өкілдері таратқан мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы наурыздан қыркүйекке дейін туыстары немесе жақындары қолынан 78 әйел қаза тапқан.
2023 жылы Shargh газеті 2021-2023 жылдар аралығында ер адамдар кем дегенде өз отбасындағы 165 әйелді өлтіргенін жазған. Оның 27-сі тек 2023 жылдың алғашқы үш айында орын алған. Қылмыскерлер көбінде «намысты» негізгі себеп ретінде көрсеткен.
- Бұл сандар тек тіркелген істерді қамтиды, ал нақты көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін, делінген хабарда.
Айта кетейік, БҰҰ 2024 жылы Иран 901 адамды, оның ішінде желтоқсан айында 40-қа жуық адамды бір аптаның ішінде өлім жазасына кескенін мәлімдеді.
Сондай-ақ, Иран билігі музыкант әйел болғаны үшін концертті тоқтатқанын жаздық.