Иранда екі рет жер сілкінді
АСТАНА. KAZINFORM — Жер асты дүмпулері елдің батысында тіркелді. Билік зардаптарды бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.
20 шілде күні таңертең Иранның Керманшах провинциясында арасы бес минут болатын магнитудасы 5,2 және 5,7 балдық екі жер сілкінісі болды. Бұл туралы Mehr News агенттігі хабарлады.
Тегеран университеті жанындағы Иранның сейсмологиялық орталығының мәліметінше, магнитудасы 5,2 болған алғашқы жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 07:13–те Керманшах провинциясындағы Кузаран ауданында 8 шақырым тереңдікте тіркелген.
Бес минуттан кейін 13 шақырым тереңдікте магнитудасы 5,7 болатын екінші жер асты дүмпуі болды.
Two earthquakes above 5 on the Richter scale jolted Kuzaran area of Kermanshah province, Western Iran, on Monday morning.
— Iran's Today (@Iran) July 20, 2026
The first earthquake measuring 5.2 on the Richter scale shook the area near Kuzaran at 7:13 a.m local time.
Five minutes later, another earthquake measuring… pic.twitter.com/NKidvkGMFZ
Иранның Дағдарыс жағдайларын басқару ұйымының мәліметіне сәйкес, үш адам жарақат алған. Жер сілкінісі болған ауданға құтқару, жедел әрекет ету және құқық қорғау қызметтері жіберілді.
Билік өкілдері су, газ және электрмен жабдықтау жүйелері қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.
Керманшах провинциясының губернаторы адам шығыны жоқ екенін, келтірілген залал ескі бос тұрған ғимараттардың жарылуы мен жекелеген нысандардың зақымдануымен шектелгенін айтты. Оның сөзінше, төтенше жағдай режимін енгізу қажеттілігі туындамаған.
Кейін Иранның Жолдар, тұрғын үй құрылысы және қала құрылысы зерттеу орталығы екі жер сілкінісінің де табиғи сипатта болғанын мәлімдеді. Ведомство тіркелген сейсмикалық толқындарды талдау нәтижесінде жер асты дүмпулері жарылыстармен байланысты деген болжамдар расталмағанын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Иранның оңтүстік-батысындағы Хузестан провинциясында магнитудасы 5 балдық жер сілкінісі тіркелген болатын. Оның эпицентрі Саланд қаласы маңында орналасып, ошағы 8 шақырым тереңдікте болған.