Иранда оқ-дәрі зауытында жарылыс болды: қаза тапқандар бар
АСТАНА. KAZINFORM — Иранның Исфахан провинциясындағы оқ-дәрі өндіретін зауытта сейсенбі күні жарылыс болып, екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Iran International.

Оқиға Исфахан провинциясындағы Меймеде орналасқан Ava Nar Parsian Chemical Industries компаниясының қоймасында болған.
Оқиға орнына шұғыл қызметтер мен өрт сөндірушілер жіберілді. Жарылыстың ресми себебі әзірге жарияланған жоқ.
Соңғы төрт күн ішінде елде осыған ұқсас бірнеше жағдай тіркелді. Ресми мәліметтерге сәйкес, кемінде 73 адам қаза тапты, оның ішінде 70 адам сенбі күні Бендер-Аббас қаласындағы Раджаи портында болған жойқын жарылыстың құрбаны болды.
Компанияның ресми сайтының мәліметінше, Ava Nar Parsian фейерверктер мен оқ-дәрі өндірісімен айналысады және Иранның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бақылауында.
Алайда Iran International басылымының тергеуіне сүйенсек, компанияның Иранның әскери құрылымдарымен байланысы болуы мүмкін.
Иран 28 сәуір, дүйсенбі күні Шахид-Раджаи портындағы жарылыстан қаза тапқандарға байланысты ел бойынша жалпыұлттық аза тұту жариялады.
Айта кетелік Иран порттағы жарылысқа зымыран отынының қатысын жоққа шығарған еді.