Иранда тағы екі жоғары лауазымды әскери жетекші көз жұмды

Мемлекеттік телеарнаның хабарлауынша, қарулы күштер Бас штабы барлау басқармасы бастығының орынбасары генерал Ғоламреза Мехраби мен жедел қолбасшылық басшысының орынбасары генерал Мехди Раббани ажал құшқан.
Жұма күні Израильдің соққыларынан бірнеше жоғары лауазымды әскери қолбасшылар, соның ішінде Ислам революциясы Сақшылар корпусының басшысы Хоссейн Салами қаза тапты. Соққылардан әскерилерден басқа Иранның ядролық бағдарламасына қатысы бар кем дегенде алты ядролық ғалым көз жұмды.
BBC-дің Таяу Шығыстағы тілшісі Себастьян Ашер Израильдің шабуылы «Израильдің өткен қарашада Ливандағы Хезболлаға қарсы шабуылында қолданылған стратегияның кейбірін қабылдаған сияқты» деп санайды. Бұл – Иран басшылығының негізгі мүшелерін қабілетсіз етуге бағытталған соққылар.
Осы ретте Иранның БҰҰ-дағы өкілі Израильдің әуе шабуылдарынан 78 адамның қаза тапқанын, Иранда 320-дан астам адамның жараланғанын хабарлады.
Еске салайық, жұмаға қараған түні Израиль Иран аумағына жаппай соққы жасады. Бұл шабуылдың салдарынан Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) бірқатар жоғары лауазымды командирі мен ядролық физика саласындағы ғалымдар қаза тапты. Иран сондай-ақ Натанз қаласындағы ядролық нысанның зақымданғанын растады, бірақ радиацияның таралу фактісін жоққа шығарды.
Сондай-ақ Иран Израильге зымыран атып, елде әуе дабылы жарияланғанын жазғанбыз.
Кейіннен Иранның зымыран шабуылынан 21 адам зардап шеккені белгілі болды.
Бұған дейін Қазақстан Таяу Шығыс елдеріне әуе кеңістігін жапқаны анықталды.