Ирандағы Тафтан жанартауы 700 мың жылдан кейін «ұйқыдан оянып» келеді
АСТАНА. KAZINFORM — Ғалымдар Иранның оңтүстік-шығысында, Ауғанстан мен Пәкістан шекарасына жақын орналасқан Тафтан жанартауында ерекше белсенділік байқалып отырғанын хабарлады, деп жазады АЗЕРТАДЖ.
Агенттіктің мәліметіне сәйкес, теңіз деңгейінен 4 мың метр биіктікте орналасқан жанартау ұзақ уақыт бойы сөніп қалған деп есептелген. Ол соңғы рет шамамен 700 мың жыл бұрын атқылаған деп болжанған. Енді Тафтан сөніп кеткен деп есептелмейді — оны ұйқыдағы жанартау деп санайды.
Geophysical Research Letters журналында жарияланған зерттеуде көрсетілгендей, жанартау шыңындағы қысым артып келеді.
— Болашақта не күшті атқылау болады немесе бұл процесс әлдеқайда тыныш өтеді, — дейді вулканолог Пабло Гонсалес Live Science порталына берген сұхбатында.
Дегенмен ол жақын арада атқылау қаупі жоқ екенін атап өтті.
Пабло Гонсалес және оның әріптестері жаңа спутниктік деректерді талдаған. Суреттер бойынша, Тафтан шыңы 10 ай ішінде 9 см көтерілген. Бір қарағанда бұл аз көрінгенімен, ұйқыдағы жанартау үшін әр сантиметр маңызды сигнал саналады.
Ғалымдардың айтуынша, бұл жанартау қайтадан «тыныс ала бастады» дегенді білдіруі мүмкін және жергілікті билік жағдайды әрі қарай зерттеу үшін қаражат бөлуі қажет.
Белсенділіктің белгісі тек шыңның деформациясымен ғана шектелмейді. Екі жыл бұрын әлеуметтік желілерде Тафтанның жарықтарынан газ шығатынын көрсететін суреттер пайда болған. Жанартаудан 50 км жердегі Хаш қаласында тұрғындар бұл газдың иісін сезген көрінеді.
Ғалымдар шыңның көтерілуін жер үстінің бірнеше жүз метр астында газдың жиналуымен байланыстырады. Негізгі магмалық қоры шамамен 3,5 мың метр тереңдікте орналасқан деп бағаланады.
Осыдан бұрын Камчаткада Безымянный жанартауының сейсмикалық белсенділігі артып бара жатқаны хабарланды.
Сонымен қоса Индонезияда ірі жанартау атқылауынан кейін дабылдың ең жоғары деңгейі жарияланды.