Иранның әлем чемпионатына қатысуы ойындардың АҚШ-тан басқа елге ауыстырылуына байланысты

АСТАНА. KAZINFORM — Иран құрамасының 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына қатысуы матчтарды АҚШ-тан көшіру мәселесіне тіреліп тұр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Команда Ирана по футболу, футболисты Ирана
Фото: IRNA

Иранның спорт және жастар саясаты министрі Ахмад Дониямали Anadolu агенттігіне берген сұхбатында егер Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) матчтарды АҚШ-тан Мексикаға көшірмесе, ел құрамасының әлем чемпионатына қатысуы күмән тудыруы мүмкін екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, Иран футбол федерациясы ФИФА-ға ойындарды өткізу орнын өзгерту туралы өтініш жолдаған, алайда әзірге жауап алмаған.

— Біздің Иран құрамасының матчтарын АҚШ-тан Мексикаға көшіру туралы өтінішіміз әлі де өзекті, бірақ жауап жоқ. Егер бұл өтініш қанағаттандырылса, чемпионатқа қатысуымызға кепілдік беріледі. Алайда ФИФА әзірге жауап берген жоқ, — деді Дониямали.

Министрдің сөзінше, ирандық футболшылар дайындықтарын жалғастырып жатыр және команда турнирге дайын болады. Қажетті қауіпсіздік кепілдіктері берілген жағдайда, соңғы шешімді Иран үкіметі қабылдайды.

Бұған дейін ФИФА турнир матчтары бекітілген кестеге сәйкес өтетінін айтып, ойындарды көшіру мүмкіндігін жоққа шығарған еді. Ұйым президенті Джанни Инфантино Иран құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысып, жеребеге сәйкес матчтарын АҚШ-та өткізетінін мәлімдеді.

Ал ирандық министр ФИФА ережелеріне сәйкес әрбір елде қауіпсіздік толық қамтамасыз етілуі тиіс екенін атап өтті.

— ФИФА шетелде өтетін әлем чемпионатына қатысатын кез келген ұлттық құрамаға қауіпсіздік кепілдігін беруі керек. Әйтпесе, АҚШ-та ойын өткізуге рұқсат бермеуі тиіс, — деді Дониямали.

Өз кезегінде Мексика президенті Клаудия Шейнбаум Иран құрамасының матчтарын өз елінде өткізуге дайын екенін білдірді.

2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Иран құрамасы Азиядан алғашқылардың бірі болып турнирге жолдама алған. Команда топтық кезеңдегі үш ойынын АҚШ-тың батыс жағалауында — Лос-Анджелесте Жаңа Зеландия және Бельгиямен, сондай-ақ Сиэтлде Мысыр құрамасына қарсы ойын өткізуді жоспарлаған. Алайда АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларынан кейін команданың турнирге қатысуы күмән тудырды.

Екі аптадан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иран құрамасының елге келуіне мүмкіндік бар екенін айтқанымен, қауіпсіздік мәселесіне байланысты олардың қатысуын орынсыз деп санайтынын жеткізді.

— Мен олардың өз қауіпсіздігі үшін бұл жерде болғанын дұрыс деп санамаймын, — деді Трамп.

Иран тарапы өз кезегінде құраманы чемпионаттан шеттетуге болмайтынын мәлімдеді. Иран футбол федерациясының басшысы Мехди Тадж қауіпсіздік кепілдігі берілмейінше, команда АҚШ-қа бармайтынын айтты.

Әлем чемпионаты 11 маусымда Мексикада басталып, матчтар АҚШ пен Канадада да өтеді. Финал 19 шілдеде Нью-Джерсиде болады деп жоспарланған.

Айта кетейік, Иран аумағына әуеден жасалған соққылар Тегеранға жақын Эсламшахр қаласындағы тұрғын үйді қиратып, кемінде 19 адамның өмірін қиды.