Иранның Бушер атом электр станциясына шабуыл жасалды: МАГАТЭ сабыр сақтауға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) сәрсенбі күні Ираннан «Бушер» атом электр станциясы кешеніне шабуыл жасалғаны туралы хабарлама алғанын мәлімдеді.
Халықаралық агенттіктің хабарлауынша, станцияға келтірілген залал немесе адам шығыны туралы ешқандай хабарлама түскен жоқ.
— Бас директор ядролық апат қаупін болдырмау үшін қақтығыс кезінде барынша сабыр сақтауға шақырды, — делінген МАГАТЭ мәлімдемесінде.
«Росатом» бұған дейін Ирандағы «Бушер» АЭС-ке жасалған соққыдан кейін мәлімдеме жасаған болатын.
Ресейлік корпорацияның басшысы Алексей Лихачевтің мәлімдеуінше, АЭС-ке жасалған соққы метрология қызметі ғимаратына іргелес жұмыс істеп тұрған энергоблокқа жақын аумаққа жасалған.
— «Росатом» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері арасында қаза тапқандар жоқ. Алаңдағы радиациялық жағдай қалыпты. Бұл қақтығыс басталғаннан бері АЭС алаңында тіркелген алғашқы соққы, — деді Лихачев.
Оның айтуынша, осыған дейін Ираннан «Росатом»-ның шамамен 250 қызметкері мен олардың отбасылары эвакуацияланған. Қазіргі уақытта станцияда шамамен 480 ресейлік қызметкер қалып отыр және қызметкерлерді үшінші рет эвакуациялауға дайындық жүріп жатыр.
Лихачев сондай-ақ Ресей шабуылды айыптайтынын және қақтығыс тараптарын «АЭС аймағындағы жағдайды бәсеңдету үшін барлық мүмкін күш-жігер салуға» шақыратынын атап өтті.
Осыған дейін «Росатом» Ирандағы АЭС-тегі жұмысын тоқтатқанын хабарлаған болатынбыз.