Иранның футбол құрамасы 2026 жылғы ӘЧ-ға арналған жаттығу базасын АҚШ-тан Мексикаға көшіреді
АСТАНА. KAZINFORM – Иранның футбол құрамасы Таяу Шығыстағы қауіпсіздік мәселелері аясында жаттығу базасын көшіруді қарастырып жатыр, деп хабарлайды The Guardian.
Иран футбол федерациясының (FFIRI) президенті Мехди Тадж FIFA-ның мақұлдауын алғаннан кейін команданың әлем чемпионатына арналған жаттығу базасы АҚШ-тан Мексикаға көшірілгенін мәлімдеді.
- Әлем чемпионатына қатысатын командалардың барлық базалық лагерлерін ФИФА бекітуі тиіс. Абырой болғанда, біздің өтініштеріміз бен ФИФА өкілдері және Ыстанбұлдағы әлем чемпионатын ұйымдастырушылармен кездесулерімізден соң, сондай-ақ кеше Тегеранда ФИФА-ның құрметті Бас хатшысымен өткізген вебинарымыздан кейін команданың базасын АҚШ-тан Мексикаға көшіру туралы өтінішіміз қанағаттандырылды, - деп мәлімдеді Мехди Тадж.
Алайда Халықаралық футбол федерациясы бұл шешімге қатысты әлі түсініктеме берген жоқ.
Бастапқыда Иран жаттығуды Аризонада өткізетіні жоспарланған. Енді команда Сан-Диегодан оңтүстікке қарай, Мексиканың Тихуана қаласында орналасуды жоспарлап отыр.
Федерация команда АҚШ-қа Мексика арқылы кіретіндіктен базалық лагерьді көшіру визаға қатысты әлеуетті мәселелерді шешетінін мәлімдеді.
Еске сала кетсек, футболдан әлем чемпионаты 11 маусымнан 19 шілдеге дейін өтеді және оны АҚШ, Канада және Мексика бірлесіп өткізеді.
Иран құрамасы G тобындағы ойындарын Лос-Анджелесте 15 маусымда Жаңа Зеландия және 21 маусымда Бельгия құрамаларына қарсы өткізеді, содан кейін 26 маусымда Сиэтлде Мысырмен кездеседі.
Осыған дейін 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына қатысатын Иран ұлттық құрамасы АҚШ визасын алу үшін Анкарадағы елшілікке өтініш тапсырды.