Иранның оңтүстік-батысында магнитудасы 5 балдық жер сілкінісі болды
АСТАНА. KAZINFORM – Иранның оңтүстік-батысындағы Хузестан провинциясында магнитудасы 5 болатын жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Анадолу.
Иранның Ұлттық сейсмологиялық орталығының мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі Дизфуль округіне қарасты Сардашт ауданының әкімшілік орталығы Саланд қаласы маңында орналасқан.
Жерасты дүмпуі жергілікті уақыт бойынша сағат 05:55-те тіркелді.
Дүмпу Хузестан провинциясының әкімшілік орталығы Ахваз қаласында, сондай-ақ Эндимешк және Дизфуль қалаларында да сезілді.
Жер сілкінісінің ошағы 8 шақырым тереңдікте орналасқан. Қазіргі уақытта қираулар туралы ақпарат түскен жоқ.
Зардапты бағалау үшін жер сілкінісі болған ауданға Қызыл Жарты ай ұйымының құтқару жасақтары жіберілгені хабарланды.