Иранның ұрланған бұрынғы қорғаныс вице-министрі Израиль түрмесінде табылды
АСТАНА. Қарашаның 16-сы. ҚазАқпарат - Екі жылдан астам уақыт іздеуде болған Иранның бұрынғы қорғаныс вице-министрі Әли Реза Ашгари Израиль түрмесінен табылды.
Ирандық бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап Associated Press агенттігінің хабарлауынша, А.Ашгариді ұстап, оны Израиль мемлекетінің аумағына жеткізуде Израиль арнайы қызметтеріне Германия мен Ұлыбританияның барлау органдары көмектесті. Ресми Тегран мен А.Ашгаридің отбасының мүшелері бұрынғы вице-министрдің ұрлану фактісіне орай наразылық білдіріп отыр.
А.Ашгари 2007 жылы Түркияға жасаған жеке сапарының барысында жоғалып кеткен болатын. 2009 жылдың наурыз айында Германияның Қорғаныс министрлігі иранның бұрынғы жоғары лауазымды шенеунігінің қайда екенін білетінін және Тегранның ядролық бағдарламасы туралы құнды мәлімет беруге әзір екенін мәлім еткен еді.