Иреклі қоймасынан Жайыққа жіберілетін су көлемі 15 текше метрге дейін азайтылды
ОРАЛ. KAZINFORM - Трансшекаралық Жайық өзеніндегі су деңгейі Ресейдің Орынбор қаласында бір тәулікте 16 сантиметрге төмендеді.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың мәлім еткеніндей, Орынборда 461 (қауіпті шегі — 930 см) сантиметр болса, Елек тұсында 493 (+15, қауіптісі — 890.см) см-ға жетті.
Жайық өзеніндегі су деңгейі Батыс Қазақстан облысындағы барлық гидробекетте жоғарылап келеді. Соның ішінде Бөрлі ауданы Жарсуат ауылында 494 (+15, қауіптісі — 1 мың см), Оралда 336 (+9, 850), Ақжайық ауданы Мергенде 507 (+21) сантиметрді көрсетті, — деді Т.Шапанов.
Оның айтуынша, осыған дейін Орынбор облысындағы Иреклі қоймасынан Жайық өзеніне секундына 60 текше метр су жіберіліп келген еді. Бүгіннен бастап 15 текше метрге дейін азайтылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында Қараөзендегі су деңгейі 7 метрге жуықтағанын жазған болатынбыз.