18:30, 13 Наурыз 2009 | GMT +5
Ірі инфрақұрылымдық жобалар жұмыспен қамтуға да, экономиканы жаңғыртуға да серпін береді
АСТАНА. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекет басшысының ағымдағы Жолдауында қазіргі дағдарыс жағдайына байланысты еліміздің алдында тұрған екі негізгі міндетке баса назар аударылғаны белгілі. Оның бірі әлемдік дағдарыстың Қазақстанға тигізіп отырған салдарымен күрес болса, екіншісі экономикалық өсудің келесі сатысына қарай қадам жасау болып отыр.
Бұл бір сөзбен айтқанда, бүгінгі проблемаларды дер сәтінде шеше отырып, келешек дамуды да уақытылы қамтамасыз ете түсу дегенді білдіреді.
Ал бүгінгі дағдарыс тудырып отырған қауіптің ең үлкені - жұмыссыздық мәселесі. Сондықтан да Елбасы Жолдауында басты міндет ретінде экономиканы жаңғыртуға назар аударылып, жұмыспен қамтудың жаңа жоспары ұсынылып отыр.
Халықаралық еңбек ұйымының жаһандық есебіне сүйенсек, экономикалық жағдай нашарлай түссе, 2009 жылы әлемде жұмыссыздар саны 210 миллион адамға жетеді екен. Бұдан да пессимистік болжамдар ретінде жұмыссыздар қатарына 50 миллион адам қосылып, жұмыссыздық деңгейінің 7,1 пайызға дейін жету ықтималдығы айтылуда. Халықаралық ұйымның болжамы бойынша, «жұмыс істейтін кедейлердің» саны, яғни күніне отбасының әрбір мүшесі үшін 2 доллардай күнкөріс табатын адамдардың саны 1,4 миллиард адамға дейін баруы мүмкін. Бұл шамамен дүниедегі еңбекпен қамтылғандардың 45 пайызы деген сөз. Аталған ұйымның бұндай болжамдарын әлемдік ақпарат көздерінің күнделікті таратып отырған мәліметтері де нақтылап отырған сыңайлы.
Қазақстанға келетін болсақ, 2009 жылғы қаңтардың 1-індегі жағдай бойынша республикада қарамағында 7,2 мың жұмысшысы бар 25 кәсіпорын өз жұмысын толық тоқтатқан. 72,2 мың жұмысшысы бар 234 кәсіпорында ішінара жұмыспен қамту тәртібі енгізілсе, 11,5 мың адам мәжбүрлі еңбек демалысына шыққан. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша, соңғы уақыттарда қайта құрылған жұмыс орындарына 348 мыңға жуық адам орналасқан. Бұнымен қоса жаңа ашылған әлеуметтік жұмыс орындарына 10 мың жұмысшы, қоғамдық жұмысқа 123 мың адам тартылған. Алдағы уақытта да кәсіби даярлық пен қайта даярлаудан өткізуге 46 мың адам жіберу жоспарланады. Дегенмен де, 2009 жылғы қаңтардың 1-індегі жағдайға сәйкес республикада ресми тіркелген жұмыссыздар саны 559 мыңды құрап отыр. Бірқатар пайымдар дағдарыс кезеңінде республика бойынша 900 мыңға жуық адамның жұмыстан босап қалу қаупін алдыға тартады. Осындай статистика мәліметтері елдегі ауқымды жобаларға өз түзетулерін енгізіп, еңбекпен қамтуға қарай икемді жобаларға жол ашу қажеттігін көрсетіп отыр. Шағын және орта бизнестің жұмыс орындарын көбірек ашуға бейім түріне жеңілдіктер қарастырылмақшы. Бұдан басқа, бүгінгі күні кәсіпорындармен еңбек мәселесіне қатысты меморандумдар жасалып жатқаны белгілі. Ол бойынша, жұмыс берушілер қаржылық жағдай қиындағанның өзінде жұмыс орындарын қысқартпау туралы міндеттеме қабылдайды. Тіптен болмаған жағдайда, толық емес жұмыс аптасына ауысу, жалақының 2/3 бөлігін төлеп, басқа жұмысқа уақытша ауыстыру, егер өндіріс толық тоқтап қалса, жалақының 50 пайызын төлеу сияқты мәселелер қарастырылды. Дегенмен де, мұндай меморандумның күші соншалықты мығым емес, тек жұмыссыздықпен күрестегі ниет секілді ғана.
Сонымен бірге, бүгінгі билік ұстанған қадам әрі Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттер пессимистік қауіптің алдын алуға, жаппай жұмыссыздыққа ұшырауды болдырмауға бағытталып отыр. Атап айтқанда, Жолдауды жүзеге асыру жөніндегі Үкіметтің бекіткен іс-қимыл жоспары жағдайды тұрақтандыруға септігін тигізетіні сөзсіз. Өйткені үкіметтік «жол картасының» негізгі бағытында «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасының екінші кезеңін іске қосу, сондай-ақ индустриялық-инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру шаралары қамтылып отыр. Бұған қоса, Елбасы өңірлік жұмыспен қамтуды және кадрлардың қайта даярлануын қамтамасыз ету үшін Үкіметке кем дегенде 140 миллиард теңге бөлуді тапсырды. «Жергілікті бюджеттерден де жұмыспен қамту стратегиясын бірлесе қаржыландыруға ресурстар бөлінуі тиіс. Жұмысынан айырылғандар үшін жаңа жұмыс орындарын құратын боламыз. Біз қазіргі қоғамдық жұмыстарды есептемегенде, кем дегенде 350 мың қазақстандықты жұмыспен қамтамасыз ете аламыз. Бізде еңбек рыногын дамыту үшін мүмкіндіктер бар, оларды ойлап табу қажет те емес. Нақ осыған біз қосымша бөлінген қаражатты жұмсаймыз», деді Н. Назарбаев. Ондай қаражат көзі Ұлттық қорға есептеліп келген шикізаттық сектордың табыстарынан әрі бюджеттік үнемдеулер мен қысқартулардан айқындалып отыр.
Сонымен бірге, дағдарыс кезіндегі жұмыссыздықтың ең жақсы емі - шағын және орта бизнесті қолдау, бәсекеге қабілетті өндірістер құру, ауыл шаруашылығына көмектесу, индустриялық-инновациялық дамудың серпінді жобаларын жүзеге асыру болатыны түсінікті. Бұл бағытта Елбасы Жолдауында әсіресе жергілікті билікке жүктелген міндеттер және олардың негізгі қамтитын аудандары туралы толық айтылып өтті. Үкімет пен жергілікті әкімдіктерге үлкен жауапкершілік жүктелді. Мәселен, кадрларды даярлау мен қайта даярлау, жергілікті инфрақұрылымдарды дамыту, сол арқылы жұмыспен қамту шаралары қолға алынатын болады. Қолданыстағы бағдарламалардың аясын кеңейтуге қосымша 8,6 миллиард теңге бөлінеді, соның есебінен 96 мыңға жуық адам жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Жұмыссыздықпен күресте басты назар аударатын мәселе экономиканы одан әрі жаңғырту мен базалық инфрақұрылымның дамуын қамтамасыз етуге қатысты болып отыр. Негізінен осындай ауқымды жобалардың өзі жұмыссыздық проблемасына да септігін тигізеді. Мәселен, Елбасының айтуынша, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының транзиттік дәлізін қайта жарақтандыру жобасы бойынша биылдың өзінде 5 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Ал 2010-2012 жылдары онда қамтылатын жұмысшылардың саны 50 мың адамға дейін жетейін деп тұр. Ендеше, бұның өзі аталған жобаның аумағындағы елді мекендерде өмір сүретін халықтардың басым бөлігі жұмысқа ие болады деген сөз.
Яғни, дағдарыс кезеңінде инфрақұрылымдық-инвестициялық жобаларды жүзеге асыру Қазақстан үшін аса тиімді болмақ. Бұндай пікірді ІІ Астаналық Экономикалық форум барысында мәжіліс депутаты Кенжеғали Сағадиев та келтірді. «Мемлекеттік жеке сектор әріптестігі бұл - әлемдік экономикалық тәжірибеде айтарлықтай перспективалы бағыт болып табылады. Бұндай әріптестік бағыт әсіресе инфрақұрылымдық жобаларды инвестициялау тұрғысынан маңызды екендігі сөзсіз. Әлемдік тарихтан белгілі ? дағдарыс пен қиыншылық кезеңдерінде инфрақұрылымдық құрылыстарды қолдау экономиканың «тірілуіне» септігін тигізіп отырады. Мәселен, Германия 1930 жылдары ғаламат автобандар салуды жүзеге асырып, экономикасына жан бітірді. Оңтүстік Кореяның өзі 1960 жылдары екі астанасының аралығында алып жол құрылысын жүргізіп, оның экономика үшін ерекше серпін болғаны белгілі», деді К. Сағадиев.
Сондықтан да, ендігі кезекте «30 корпоративтік көшбасшы» жобасымен қоса, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды мемлекеттік қаржыландыру ісі жұмыссыздықтың алдын алуға септігін тигізері айқын.