Ірі көлемде жалған ақшалар жасап, өткізумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

АСТАНА.  18 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астана қаласы бойынша Қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері жалған ақша белгілерін дайындап, оны өткізумен айналысқан қылмыскерлерді ұстау бойынша бұрын-соңды болып көрмеген операцияны жүзеге асырды.

Ірі көлемде жалған ақшалар жасап, өткізумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

 Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметінен хабарланды.

Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 12 қыркүйегінде Қаржы полициясының елордалық  департаменті еліміздің бірқатар аумағында 10 000 теңгелік жалған ақшалар дайындау және өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшелеріне қатысты  ҚР ҚК 235 бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

«2011 жылдың тамыз айынан бері еліміздің барлық аймақтарына жалған ақша қаражаттарын өткізумен айналысқан тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топ қызметі анықталды. Ұйымдасқан қылмыстық топ Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облысының 7 тұрғынынан құралған. Қазіргі уақытта жалған ақша жасау қылмысына басқа адамдардың қатыстылығы да анықталып жатыр», - делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен қатар, еліміздің бірқатар аймақтарында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында 20 миллион теңгеден асатын жалған ақшалар және ақша белгілерін дайындауға арналған  жабдықтар  (Тараз қаласында жалған ақшалар дайындауға арналған заманауи компьютерлік технологиялық жабдықтармен жарақтанған шағын цех) тәркіленген. Сонымен қатар, ұйымдасқан қылмыстық топтың 100 млн.теңге сомасында жалған ақша қаражаттарын дайындауға қатыстылығы да тексерілуде.

«Қылмыскерлер, жалған ақшаны еліміздің 3 бағыты бойынша таратып отырған. Оның бірінші бағыты - батыс  аймақ (Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары); екіншісі  - оңтүстік ( Алматы қаласы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Кызылорда облыстары); үшіншісі - солтүстік-шығыс (Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан обысы және Астана қаласы).  Қылмыскерлер жалған ақша қаражаттарын сыбайластары арқылы шағын топтамалармен өткізіп отырған.  Ал сыбайластары жалған ақшаларды ірі қалаларға немесе алыс елді мекендерге тасымалдаған. Мәселен, астаналық такси жүргізушісі жалған ақшаларды өткізумен айналысып, өзі де  қосымша табыс тапқан», - делінген баспасөз айғағында.