10:50, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
Ірілендірілген шаруашылық құрылымы Ы. Жақаев атын иемденеді
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Ауылшаруашылық кәсіпорындарын ірілендіріп, фермерлер қауымдастығын құрудың маңызды екенін Елбасы өзінің халыққа Жолдауында бірнеше рет атап өтті.
Облыс әкімінің бастамасымен Сыр өңірінде бұл бағытта бірқатар шаралар қолға алына бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жалпы ауылдағы іскерлік ортаның белсенділігін арттыратын шаралардың жаңа тетігін табу ? күн тәртібіндегі өткір мәселе. Қазір әлемдік рынокта азық -түлік бағасының өсуі ауылшаруашылық құрылымдары үшін тиімді болып табылады. Бұл ауыл экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Демек, бұл додаға жаппай ат қосу емес, есеппен, сапамен араласуға мүмкіншілік туды деген сөз.Қызылорда облысы әкімінің ұстанымына сәйкес Шиелі ауданының Ыбырай Жақаев ауылының тұрғындары іріленген шаруашылық құруға бел буды. Әсіресе, осындағы шаруа қожалықтарының төрағалары бұл шараға ерекше ынтымақ танытты. Әуелі ауыл ақсақалдары бірігу жөнінде аудан әкіміне ұсыныс түсірді. Кейіннен мұны ауылдағы беделді азаматтар, тәжірибелі мамандар қолдады. "Кезінде күріш өсіруден әлемдік рекорд жасаған, ұланғайыр еңбегімен дала академигі атанған Ыбырай Жақаев атындағы ауылдың байырғы кәсіптен қол үзуі ұят екен", - десті олар. Ынта, ықылас бар, бірақ дәрмен жоқ. Өйткені, бір кездегі іргелі шаруашылық 47 бөлшекке бөлініп майдаланып кеткен еді. Көпшілік бір тоқтамға келіп, іріленген селолық кооперативін құруды ұйғарды. Сөйтіп "Тауар өндірушілердің бірлестігі" туралы Заң негізінде жаңа құрылымның іргетасы қаланды. Әзірге оған бірігуге осындағы 16 шаруашылық ниет білдіріп отыр. «Несиені іркілмей алуға, техникаларды жаңалауға мүмкіншілік туады. Сонымен бірге егістік жерді қалпына келтіруге жағдай жасалынады. Бәрінен де ауыл адамдарының ынтымағы артып, жұмыспен қамтуға мүмкіншілік туады. Қазіргі қарбалас шақта бұл өте қажет. Өндірген өнімді өзімізде өңдеуге де жол ашамыз. Үкімет бұл мәселеге көп көңіл бөліп отыр», ? дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Серік Мүліков.