Ирландия мен Шотландия жанартаудың салдарынан әуе кеңістігін жапты
Нақтыланған мәліметтер бойынша, Гебрид аралдарының үстімен ұшуға тыйым салынып отыр, ал Белфаст және Дерри қалаларының әуежайлары толық жабық. Ұлыбританияда тек ішкі рейстер тоқтатылды, ал Еуропамен әуе қатысы тоқтаған жоқ, деп хабарлайды РБК агенттігі.
Сондай-ақ, жанартаудың салдарынан әуе кеңістігі жабылғанын Ирландия да мәлім етті. Ирландияның Ryanair және Aer Lingus деген компаниялары мамырдың 4-і күні Ұлыбритания бағытында 200-ге жуық рейсті кідіртіп отыр.
Сәуірдің 14-інде Исландияда оянған Эйяфьяллайекюль жанартауының салдарынан көтерілген күл Еуропадағы әуе қатынасына кедергі болғанын ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. Бір апта кідірістің салдарынан әуе компаниялары 2 миллиард долларға жуық шығынға батты.