Ирландияда жаппай наразылықтан кейін жанармай салығы 505 миллион еуроға азайды
АСТАНА. KAZINFORM — Ирландия үкіметі ел аумағында жалғасып жатқан наразылықтар аясында автомобиль отынына салынатын салықтарды 505 миллион еуродан астам сомаға төмендететінін жариялады. Бұл шешім туралы Ирландия премьер-министрі Михол Мартин мәлімдеді, деп хабарлайды Report.
Хабарламада айтылғандай, мәлімдеме полиция Голуэй және Фойнс порттарындағы, сондай-ақ О’Коннелл-стрит (Дублин қаласының орталығы) көшесіндегі наразылық акцияларын таратқаннан кейін бірнеше сағат өткен соң жасалған. Апта басынан бері бұл жерлерде тракторлар мен жүк көліктері қозғалысты бөгеп тұрды.
Сонымен қатар, бір күн бұрын құқық қорғау органдары әскерилердің қолдауымен Уайтгейт мұнай өңдеу зауыты (Корк графтығы) маңындағы блокаданы алып тастаған. Бұл — елдегі жалғыз мұнай өңдеу зауыты.
Үкімет басшысының айтуынша, бұл шаралар пакетін наразылыққа қатысушыларға жасалған жеңілдік ретінде қарастыруға болмайды. Ол шешім ресми тасымалдаушылар мен фермерлер ұйымдарымен бірлесіп қабылданғанын атап өтті. Сондай-ақ билік наразылық танытушылардың жетекшілерімен тікелей келіссөз жүргізбейтінін жеткізді.
Соңғы аптада болған тәртіпсіздіктер Ирландиядағы жанармай жеткізу тізбегіне айтарлықтай зиян келтіргені де атап өтілді.
Осыған дейін Аустрия мен Италия жанармайға салықты төмендетуді жоспарлап отырғаны туралы жазған болатынбыз.