ИРСК Эрбильде АҚШ-тың барлау аэростатын жойғанын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM – Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) Ирактың Эрбиль қаласында АҚШ армиясына тиесілі PSS-T үлгісіндегі стационарлық барлау аэростатын Shahed-136 соққы беруші дрондарының көмегімен жойғанын мәлімдеді.
Иранның Tasnim агенттігі осыған қатысты ИРСК-тің жазбаша мәлімдемесін жариялады.
– Өткен аптаның сәрсенбі күні таңсәріде Ирактың солтүстігіндегі Эрбиль әуежайы аумағында орналасқан АҚШ армиясына тиесілі PSS-T үлгісіндегі стационарлық барлау аэростаты ИРСК Аэроғарыш күштерінің Shahed-136 ұшқышсыз аппараттарымен нысанаға алынып, жойылды, – делінген мәлімдемеде.
ИРСК мәліметінше, аэростат өткен аптада аймақта Иран мен АҚШ арасындағы қақтығыстар барысында жойылған.
Мәлімдемеде аэростаттың соғылған сәтін көрсететін бейнекадрлар да жарияланған. ИРСК-тің ақпаратына сүйенсек, дәстүрлі әуе шарларынан айырмашылығы, бұл аэростат белгілі бір нүктеге тұрақты орналастырылып, бақылау мұнарасы ретінде пайдаланылған.
ИРСК аэростаттың ұзындығы шамамен 35 метр екенін және салмағы 500 келіге дейінгі әртүрлі пайдалы жүктемені алып жүре алатынын мәлімдеді. Оның нақты қандай биіктікте орналасқаны ресми түрде жарияланбаған. Алайда кей дереккөздер аэростаттың шамамен 750 метр биіктікте болғанын хабарлаған.
ИРСК мәліметінше, жойылған аэростат айналадағы аумақты тәулік бойы бақылауға мүмкіндік берген және әдетте бір айға дейін әуеде қала алған.
Айта кетейік, кеше АҚШ Иранның мұнай флотына жаңа соққы жасауы мүмкін екенін мәлімдегенін жаздық.