ИРСК: Иран АҚШ-тың соққыларына жауап беруге дайын

АСТАНА. KAZINFORM – Тегеран Вашингтонға әскери текетірестің одан әрі өршуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

 Хоссейн Мохебби
Фото: IRNA

Иран Ислам революциясы сақшылары корпусының өкілі Хоссейн Мохебби дүйсенбіде АҚШ жаңа соққы жасаған жағдайда, Иран күштері қорғаныс тәсілдерін өзгертіп, қарымта шабуыл жасауға дайын екенін мәлімдеді.

Оның сөзін «Әл-Алам» телеарнасы мен Tasnim агенттігі таратты.

— Егер АҚШ қайтадан соққы жасаса, қорғанысымыз бен қарымта әрекетіміздің сипаты едәуір өзгереді. Соғыс қимылдарының аумағы да кеңеюі мүмкін, — деді ол.

Оның айтуынша, әскери қимылдар қайта жалғасса, Иран қарудың жаңа түрлерін қолданып, соққы жасалатын нысандар тізімін өзгертпек.

— Біз ұрыс алаңына мүмкіндігі жоғары қару-жарақтың жаңа түрлерін қолданамыз. Оның әлеуеті әлем жұртшылығын таңғалдырмақ. Бұған қоса, осы уақытқа дейін шабуыл жасалмаған нысаналар да анықталды, — деді ИРСК өкілі.

Хоссейн Мохебби АҚШ-тың соғыста тарихи әрі масқара жағдайда жеңілгенін, алайда Вашингтонның мұны мойындауға әзір емес екенін мәлімдеді.

Ол бұған дәлел ретінде Иран Ормуз бұғазын жапқаннан кейін Вашингтонның ондағы кеме қатынасын қайта жандандыра алмағанын айтты.

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының өкілі аймақтағы америкалық әскери базалар Иран соққыларынан кейін қауіпсіз нысан рөлін жоғалтқанын айтады.

Оның айтуынша, зымырандар Парсы шығанағы елдері мен Ирактың солтүстігіндегі АҚШ барлау орталықтарына да тиген.

Осы мәлімдемелер айтылған тұста Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы дүйсенбіде Ормуз бұғазының әуе кеңістігінде АҚШ-та жасалған «MQ-1» үлгісіндегі дронның қағып түсірілгенін мәлімдеді. Иран тарапы аппаратты корпустың жаңа әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі анықтағанын айтады.

Бұған дейін Иран АҚШ-қа соғысты тоқтату үшін шарт қойғаны хабарланған болатын.

 

 

Ақзат Бақытжанқызы