Іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді қалалық прокуратура тексереді - Астана

Бұл туралы Astana.kz сайтына Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ербол Тілешов мәлім етті.
«Басқарма өткен жылы Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заң талаптарының сақталуын тексеру жөнінде рейдтер жүргізді. Осы іс-шаралар аясында мемлекеттік мекемелердегі іс қағаздарының жүргізілуін қарастырдық. Алайда, сауда орындарына және басқа да республикалық нысандарға Басқарманың тексеру жүргізуге құқығы жоқ, олар тікелей прокуратураға бағынады. Осыған байланысты, 2012 жылы прокуратурамен бірігіп жұмыс істеу туралы бірнеше рет өтініш білдірдік. Прокуратура өтінішті қанағаттандырды. Ақпан айынан бастап Сарыарқа ауданының прокуратурасымен бірлескен тексеру жұмыстарын бастап кеттік. Алматы және Есіл аудандарының прокуратураларымен бірге таяу күндерде жұмыс одан әрі жалғасады. Ең басты біздің баса назар аударатынымыз, аудан әкімінің аппаратында, содан соң басқа мекемелерде іс қағаздарының екі тілде жүргізілуі», - дейді Ербол Тілешов.
Басқарма бастығының айтуынша, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің, қала әкімінің, Тілдерді дамыту басқармасының сайтына азаматтардан тіл заңнамасының бұзылуы жөнінде арыздар келіп түседі. Алдағы уақытта Басқарма осы түскен арыздар бойынша прокуратура қызметкерлерімен бірге тексерулер жүргізеді.
Тағы бір айта кетер жайт, Ономастика туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Онда Тіл туралы заңның бұзылуына байланысты айыппұл салу мәселесі қарастырылған. Заңды бірінші рет бұзған мекемеге 10 АЕК, келесіде 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Одан әрі 50 АЕК мөлшерінде жауапкершілікке тарту қарастырылған. Ең соңында мекеменің бірінші басшысына әкімшілік жаза қолданылады.
Бұл қабылданған шаралар Тіл комитетінің қолына едәуір пәрмен беріп отыр. Ендігі жерде олар заң бұзғандармен барынша қатаң түрде жұмыс жүргізетін болады. Жаңа қабылданған заңға барлық облыс, аудандардағы тіл басқармалары атсалысып, барынша қарқынды жұмыс атқарылуда.