Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Исекешев мектептердің жаңа жұмыс кестесіне қатысты ақпаратты жоққа шығарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев елорда мектептерінде бірінші ауысымда оқитын оқушылар үшін сабақтар анағұрлым ерте уақытқа ауыстырылатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Исекешев мектептердің жаңа жұмыс кестесіне қатысты ақпаратты жоққа шығарды

«Мектептерде сабақтар 7.40-та басталады деген әңгімелерге қатысты көптеген сұрақтар түсуде. Бірден айтайын - бұл ақпарат дұрыс емес», - деп жазды әкім Фейсбукта .

Астанада таңертеңгі жұмысты бастау уақытын дифференциациялау бойынша әкімдіктің жоспары өзге де шаралармен қатар қала көшелерін көлік кептелісінен арылтуға септігін тигізуі тиіс. Бұл туралы Әсет Исекешев «Elorda Aqparat» медиа-ресурсына берген сұхбатында жіті айтып берді.

«Тәжірибе көрсетіп отырғандай, орталық көшелер бойынша ең көп трафик барлығы бір мезгілде балабақшаларға, мектепке, жұмысқа бара жататын 8.00-ден 8.45-ке дейін байқалады. Бұл ағынды азайту үшін жұмыстың басталу уақытын ауыстыру жөнінде Үкімет қаулысын қабылдауды ұсынамыз. Мектептерде сабақтардың басталу уақыты бұрынғыша қалады - таңертеңгі 8-ден бастап. Министрліктер мен өзге де орталық мемлекеттік органдардың жұмыс уақытын - 8.30-ға, ЖОО-лар мен арнайы орта білім мекемелерінің сабақтарын - таңертеңгі 10-ға, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесін сондай-ақ, таңғы 10-ға ауыстыру ұсынылуда. Бұл шаралардың барлығы трафикті дұрыс ұйымдастыруға және көліктердің қала бойынша анағұрлым жайлы қозғалысын қамтамасыз етуге ықпалын тигізеді», - деп мәлім етті әкім.