Ішкі істер органдары қызметкерлерінің 85 пайызы ревакцинациядан өтті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер органдары қызметкерлерінің 85 пайызы ревакцинациядан өтті. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ішкі істер органдары қызметкерлерінің 85 пайызы ревакцинациядан өтті

«Ішкі істер министрлігінің Медициналық басқармасы COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы қайта вакциналаудың төртінші толқынын ұйымдастырды. Бүгінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің 85 пайызы ревакцинациядан өтті», - деді ІІМ өкілі ведомствоның баспасөз қызметі алаңында өткен брифингіде.

Оның атап өтуінше, орган қызметкерлерінің екпе алуы өте маңызды.

«Полиция қызметкерлерінің COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы екпе алуы өте маңызды. Өйткені, олар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді», - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Бұған дейін ведомство өкілі жыл басынан бері елімізде 12 мыңға жуық интернет-алаяқтық тіркеліп, кесірінен 7 млрд теңге шығын келтірілгенін айтты.