Ішкі істер органдарының қызметкерлері негізінен қылмыстық қудалауды тоқтату үшін заңсыз сыйақы алады - Қаржы полициясы
АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Астанада өткен брифингте Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай өкінішке қарай, ішкі істер органдарының қызметкерлері де парақорлыққа бейім болып отырғанын жеткізіп, олар негізінен қылмыстық қудалауды тоқтату үшін заңсыз сыйақы алатындарын айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы Бөрілі аудандық Ішкі істер бөлімінің есірткіге қарсы күрес бөлімінің екі қызметкері 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Олар күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін 680 мың теңге пара алған.
М. Жұманбай сонымен қатар Қарағанды облысында Қарағанды қалалық Ішкі істер басқармасы орталық бөлімі бастығының орынбасары 200 мың теңге және 1235 АҚШ долларын алу үстінде ұсталғанын жеткізді. «Ол өзі басқаратын бөлімнің өндірісіндегі қылмыстық іс бойынша сезіктіден оны қылмыстық жауаптылықтан босату үшін 8 мың АҚШ долларын сұраған. Күдікті қамауға алынды», -деді ол.