Ішкі көші-қон көрсеткіші жылына 300 мың адам деңгейінде тұрақталып отыр - Т. Дүйсенова

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Урбанизация жағдайында, оның үстіне экономикадағы соңғы құрылымдық өзгерістер барысында халықтың ішкі көші-қоны айтарлықтай ауқымданып отыр. Мәселен, елімізде облысаралық және облысішілік көші-қон барысында 1991 жылдан 2008 жылға дейінгі аралықта 5 млн.-ға тарта адам үдерістерге қатысты. Қазіргі таңда ішкі көші-қон көрсеткіші жылына 300 мың адам деңгейінде тұрақталып отыр. Бұл ретте ішкі көші-қонның басым бөлігін ауылдық жерлер құрайды», деді Жауапты хатшы.
Оның айтуынша, соңғы екі жылдағы көрсеткіштер бойынша көші-қонның теріс сальдосы Қарағанды, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан басқа республиканың барлық өңірлерінде орын алғаны байқалған. «Көші-қонның осылай белең алуы тек оң нәтижелер беріп қана қоймайды, бірқатар қауіптерге де ұрындыруы мүмкін. Мәселен, әлемдік көші-қон үдерістері және халықтың қартаюы жағдайында адам ресурстары үшін бәсекелестіктің жандана түсуі көші-қонның оң сальдосын кеміте түседі. Сонымен бірге, жергілікті жерлердегі маман біліктілігі талаптары мен жұмыс күшін ұсыну еңбек нарығындағы алшақтықты тудырып, шетелден біліктілігі төмен жұмысшыларды да тартуға жағдай туғызды. Бұл үдерістің алдағы уақытта да сақталып тұруы жалпы мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, Орталық Азиядағы заңсыз көші-қон мәселесі ішкі еңбек нарығында бәсекелестікті арттырып, жергілікті біліктілігі төмен жұмысшыларды осы нарықтан ысырып,соның салдарынан әлеуметтік қысым тудыруы мүмкін», деді Т. Дүйсенова.