Ислам Каримов қай қырымен ел есінде қалды?
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов 2 қыркүйек күні Ташкентте өмірден өтті.
Ислам Каримов 1989 жылдың 23 маусымынан 2016 жылдың 2 қыркүйегіне дейін елді басқарды. Ол сонау Кеңес заманында Республикалық компартияның Орталық комитетінің бірінші хатшысы ретінде билік тізгінін қолға алған.
«Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов - ұлы тарихи тұлға, сол кісінің арқасында біздің республикамыз тәуелсіздігін алып, тәуелсіз даму жолында зор жетістіктерге жете білді, жас мемлекетіміздің қиын-қыстау күндерінде соғыс қаупінен аман қалып, жағдай тұрақты қалыпта сақталды», - деп еске алады ел үкіметі мен парламентінің өкілдері.
Каримовтың ел басына келген уақыты Кеңес әскерін 1989 жылы Ауғанстаннан шығару туралы шешім қабылданған уақытпен тұспа-тұс келді. Ол кезде ауған елінде азаматтық соғыс әлі де жүріп жатқан болатын; 1992 жылы Тәжікстанда этникааралық қақтығыс болып, қантөгіс басталды. Өзбекстан басшысы осы оқиғалардың барлығында да елді өңірлік қақтығыстарға араластырмай алып шыға алды және елде саяси тұрақтылықты сақтай білді, деп жазады ТАСС.
«Бұрынғы тоталитарлық режім кезінде әлем осындай тамаша мемлекеттің, өзбек секілді қайырымды ұлттың барын білді ме?» - деген болатын Ислам Каримов тәуелсіздік күніне орай сөйлеген сөзінің бірінде.
Ислам Каримовтың ел билеген уақытында мемлекет көптеген халықаралық ұйымдардың мүшелігіне өтті: ТМД (1991), БҰҰ(1992), ЕҚЫҰ(1992), ХВҚ(1992), ШЫҰ(2001). Осыған қарамастан мемлекет негізінен өзінің сыртқы саясатында тым ашық болуға басымдық беруден бойын алыс ұстай отырып, екіжақты қарым-қатынастың дамуына жол салды.
«Бүгінгі таңда бір ғана қарапайым нәрсені ұғынуымыз керек: бүгінгі таңда біздің алдымызға қойған ең ұлы мақсаттарымыз - біздің еліміздің жарқын болашағы, елдің ертеңі, еркін өмір, аманшылық және 21 ғасырда Өзбекстан әлемдік қауымдастықта қандай орын алатыны, - осының барлығы әуелі жаңа буынға байланысты болады», - деген еді Ислам Каримов.
Тәуелсіздік жылдарында Өзбекстан экономикасы 6 есе өсті. Өнеркәсіптің үлесі 14 пайыздан 34 пайызға дейін ұлғайды. Болып жатқан жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысқа қарамастан соңғы 11 жыл ішінде елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) көптеген елдердің қатарында - 8 пайыздық деңгейде (өсім) сақталуда.
«Тәуелсіздік жылдарында біз әрқашан алыс және жақын шетелдермен әуелі өзара сыйластық пен бір-бірінің ұлттық мүдделерін ескеру негізінде қарым-қатынас қалыптастырдық. Бұдан былайғы уақытта да осы барлық елдермен өзара ықпалдастықты және достық қарым-қатынасты нығайта түсуді көздейтін саясатты ұстанатын боламыз», - деп атап өткен Ислам Каримов.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің көңіл айту жеделхатында елдің экономикалық әлеуетінің дамуына, оның халықаралық беделінің өсуіне, қоғамның әл-ауқатының артуына ықпал еткен ауқымды өзгерістердің жүзеге асырылуы Өзбекстан Республикасы тәуелсіздігінің бастауында тұрған Ислам Каримовтің есімімен байланысты екенін атап өткен еді.
«Ол өзінің бүкіл өмірін туған халқына қалтқысыз қызмет етуге арнады, әрдайым Қазақстанның сенімді досы болды және біздің халықтарымыздың арасында достық пен тату көршіліктің нығая түсуіне үлкен үлес қосты», - делінген жеделхатта.