Исламда екіжүзділік жоқ, ақиқат қана бар - Таңжарық Тұрғанқұлов, дінтанушы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары дін төңірегіне келгенде ақ пен қараны ажыратудан қалдық. Ғаламторға бас сұқсаңыз, еркін пікірталас аумағы - форумдарды жаулап алып, өзара дауласып жатқан дін өкілдерінен көз сүрінеді. Бірі екіншісінен сенімдірек, әрі дәлелдірек сөйлейді. Сіз бен біз секілді теологиялық білімінің аясы тар оқырман үшін оның барлығын түсініп, қабылдау ауырлау екендігі рас. Біз бүгінгі әңгімемізге осы салада еңбек етіп жүрген Тараз мемлекеттік педагогикалық институты «Дінтану орталығының» жетекшісі, дінтанушы-ғалым Таңжарық Тұрғанқұловты тартқан едік.
- Қазір біз дінге ерекше назар аударып, намазға бет бұрып жатырмыз. Бұл әрине, әр адамның өзі іздеген ақиқатты тауып, рухани қажеттілігін ғибадатпен астастырғаны деп бағалаған дұрыс болар. Бірақ осы бір сауапты іс кейде науқандық сипат алып бара жатқандай көрінеді.
- Әрбір азамат жеке өмірінде бір рухани тірек іздейтіні ақиқат. Ол тірек бірінші дін екені белгілі. Осы тұрғыдан алсақ, жастарымыз қазір мешіттерге көптеп барып, намазға жығылып жатыр. Бұл жақсы құбылыс әрі қуантарлық жайт. Бірақ біз оларға қаншалықты дұрыс бағыт-бағдар беріп жатырмыз, сол жағын ойланайықшы. Олар дінде қандай бағытпен жүріп жатыр? Қандай да бір кері діни ағымдардың негізгі объектісі - жастар. Жастарымыздың бір тобы осы ағымдардың ықпалында кетіп жатқаны да жасырын емес. Себебі олар біріншіден өз тарихы мен дәстүрінен хабарсыз. Сондықтан, мынау менің ата дәстүріме қайшы екен ғой деп ойлануға мүмкіншілігі де шамалы. Керісінше, ата-анасы мен бауырларына барынша қарсы тұруға бар. Посткеңестік елдердің діннен мақұрым екендігін жақсы білетін радикалды топтар мұны өз пайдасына жаратып жатыр. Зайырлы мемлекет болғандықтан, діни сенімге шектеу жоқ. Кез келген әлеуметтік желілерде діни уағызшылардың діни насихатын тыңдап, өз рухани таңдауыңды жаса. Еш кедергі жоқ. Өкінішке қарай, жастарымыз осындай басы бар, аяғы жоқ, тіпті не айтып отырғаны өзі түсінбейтін бағыты да дұрыс емес уағыз-насихаттарды санасына сіңіріп, ақыр аяғында өз өмір жолынан адасып жатады. Бұл біздің елдегі айқын көрініс тауып отырған құбылыс. Мұндай құбылыстың негізгі себебі - діни насихатта ортақ ғылыми жүйенің жоқтығы. Діннің тек сыртқы пішіні ғана уағыздалып, ал ішкі мәні мен мазмұнына көңіл бөлінбегендіктен жастар арасында жалаң фанатизмге бой алдыру, «тек діни ритуалдарды уақытысында айна қатесіз орындасаң болды, барлық күнәдан арылып, жұмаққа барасың» деген сенім адамгершілік-моральдық нормаларды сақтамай, түрлі қылмыстарға баруына ықпал етіп отырған факторлар деп айтуға болады. Осы себептен түзеу мекемелерінде ұрлық жасау, адам тонау, сонымен қатар қасақана адам өлтіру фактілерімен жазасын өтеуші азаматтардың арасында дін жолын ұстанып жүрген жастар да кездеседі.
Қазіргі уақытта дінді құрал ретінде пайдаланып, өз мақсаттарын іске асыруға бейім тұратын топтар да, жеке тұлғалар да жоқ емес. Бұлардың мақсаты - қалайда мемлекетте бүлік шығарып, азаматтарды өз жолынан адастыру. Исламда осындай екіжүзділік бар ма? Әрине жоқ, тек ақиқат қана бар. Біз оларды басқалардан айыра алмай жүргеніміз өкінішті. Қай жағымыздан болмасын, әйтеуір бетімізді қаратып алуға даяр тұр. Міне, біздің елдегі дін насихатының жүйесіздігін осы жағдайдан-ақ бағамдауға болады.
- Сіз облыстық, сонымен бірге республикалық деңгейде практикалық лекциялар оқып жүрсіз. Сіздің ойыңызша, дәстүрлі діни құндылықтарымызды қандай жағдайда халыққа жеткізіп, оны өміріміздің мәніне айналдыруға болады?
- Әр халықтың мәдениеті мен тарихының негізгі түп қазығы діннен негіз алатыны заңдылық. Ұлттың тұрмыс-тіршілігі, тіпті мінез құлқы да ұстанған діннің негізінде пайда болады. Бұл үшін біз асыл дінімізді, тарқатып айтар болсақ, ғылыми (антологиялық, философиялық, тарихи, психологиялық, социологиялық) тұрғыдан талдай білетін дәрежеде болуымыз керек. Оны зерттеп-зерделеп, халықтың өз танымы арқылы санасына жеткізе білсек, ол өздігінен сол халықтың өмірінің мәніне айналады деп ойлаймын. Ал біздегі жағдай қалай? Интернет сайтынан оның бағыты дұрыс я бұрыс екеніне қарамай, аят пен хадистен мысал келтірсе болды, кез-келген діни уағызшыны тыңдап, соның сөзін басшылыққа аламыз. Көпшілігіміз сол шала сауатты, ғылыми танымы төмен діни уағызшының насихатын үш-төрт мәрте тыңдап, намаз бен оразаның шарттарын білсек, бір-екі хадис пен бес-алты сүрені жаттап алсақ болды, басқаларға жол көрсете алатындай «діни сауатты» болып шыға келеміз. Тіпті кейде өз бетімізше үкім шығарып, мүфти де болып кететін кездеріміз бар. Бұл дөрекі қателік. Өйткені, теология ғылымы ауқымды, күрделі әрі нәзік сала. Ол тафсир, хадис ілімдері секілді түрлі салаларға бөлінеді. Олардың әрқайсысының өз мамандары бар. Бір-бірінің тірлігіне араласпайды.
Жалпы Орта Азия халықтары құқықтық мәзхабтар ішінде Ханафи мәзхабын ұстанады. Әлемдегі мұсылмандардың 50 пайызға жуығы осы құқықтық жолда. Себебі, ол - демократиялық, әрбір мәселеге объективті көзқараспен қарайтын құқықтық мектеп. Сонымен қатар, түркілердің көшпелі өміріне лайықталған жол еді. Бұл жерде баса айта кететін бір жәйт, қазақ даласына, түркі жұртының өміріне Исламның құндылықтарын лайықтап, жасап берген дана бабамыз Ахмет Ясауи екенін ұмытпауымыз керек. Біз сан ғасырдан бері осы жолмен жүріп келеміз. Ал, бүгінде осы сан салалы тарихи жадымызды өшіруге әрекет жасап жүргендер де жетеді. Осы орайда философ, ғалым-профессор А.П.Абуов ағамыздың: «Ясауи қазақ санасынан өшетін болса, онда имамдар да, мүфтият та, Қазақстан да жоқ болатынын ұмытпаңдар!»,-деген ойын келтіре кетсем. Демек, біз ұлттық рухымызды жоғалтсақ, онда еліміздің болашағы жарқын болады деп айта алмаймыз. Сондықтан, бірігіп өткенімізді ұмыттыруға емес, жаңғыртып одан әрі дамытуға іс қылғанымыз дұрыс деп ойлаймын.
- Сіз дінді ғылыми тұрғыда танып білуді тек соңғы уақытта ғана қолға алыпсыз. Оған не түрткі болды?
- Мен дін саласындағы алғашқы еңбек жолымды мешітте имам болып бастағанмын. Ол кезде менде тек теологиялық білім болды. Ал қоғамдық және жаратылыстану ғылымдарынан мүлде бейхабар болдым. Бірақ сол жылдарда мені сан ғасырлардан бері қалыптасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыз 90 жылдардан бастап неге жоққа шығып жатыр деген сауал жиі мазалайтын. Былайша айтқанда, біздің күнделікті тыныс-тіршілігіміз «ширк» пен «бидағатқа» толып кетті. Осы мәселе төңірегінде бірталай ғалымдармен сұхбаттастым. Оның ішінде маған бағыт-бағдар берген теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай мен әдебиетші ғалым-профессор Ислам Жеменей болды. Солардың санама ықпал етуімен мен дінтану ілімін жете зерттеуге ден қойып, А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға түсіп, дінтану мамандығын алып шықтым және сол сала бойынша магистратураны тәмамдадым. Әлбетте, әрі қарай да іздене бермекпін. Осы өз бетімше іздену барысында бірталай нәрсеге көз жеткіздім десем болады. Осы уақытқа дейін ұққаным - біздің ата-бабамыздың салт-санасында ешқандай да дінге қарама-қайшы әрекет жоқ. Қазақ халқы ислам дінінің мәні мен мазмұның тереңнен түсініп, негізі мәйегін ұстанған ұлт десем, артық айтпағаным. Ол біздің этнопедагогикамыз бен этнопсихологиямызда кеңінен көрініс тапқан. Онымен қоса құқықтық, саяси-әлеуметтік құндылықтарымыз да Құран мен сүннетке негізделген. Мәдени құндылықтарымызды терең зерттей қарасақ, мұсылмандықтың терең мазмұнын жырлаған Бұқар жырау, Шалкиіз жыраулардан бастау алып атақты Майлықожа, Абай мен Шәкәрімнен, Мұса Мәди Меркішұлы мен Тұрмағамбет Ізтілеуовпен жалғасын тапқан дала академиктерінің өзі неге тұрады. Олардың шығармалары толығымен исламмен үндесіп жатыр. Исламда «сайри сүлүк» деген ілім бар. Бұл ілім - Жаратқанды өлең түрлерімен мадақтау. Осы ілім қазақ даласына ауыз әдебиеті арқылы кең таралған. Сол ілімді біздің жоғарыда аталған ақындарымыз, сал-сері, жырауларымыз жалғастырып отырған. Осы баға жетпес құндылықтарымызды бағалай білуіміз керек.
- Діннің тарихында ерекше мәнге ие, сандаған ғасырлардан бері жасап келе жатқан тасаууф ілімі жайлы не дейсіз?
- Тасаууф ілімі - адамның жан дүниесін, ішкі әлемін тазалау. Бұл туралы ислам ғалымы Имам Ғазали былай деген: «Егер адамның көңілінде, жан дүниесінде шаңның тозаңындай ғана кішкентай жамандық болса, ол адамның рухы екі дүниеде де азапта болады, ал оның жаны кіршіксіз таза болса, ондай рух екі дүниеде де бақытты болады». Хазіреті Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) пайғамбарлыққа келер алдында Хира үңгіріне барып, өзін психологиялық, рухани тұрғыдан дайындады. Сондықтан біз оны пайғамбардан бастау алған дейміз. Сопылық ілімнің мәні мен мазмұнын ата-бабаларымыз «Таспен атқанды, аспен ат»,-деген бір ауыз сөзімен түйіндеп берген. Осы сөздің мәніне үңіле білген адам сопылық ілімді түсінеді деп ойлаймын. Ал, сопылық ілімінен үрейленіп, шошу - ол білімсіздік пен діни сауатсыздықтан әрі басында айтып кеткендей белігі бір үй ішінен үй тігіп жүргендердің әрекетінің нәтижесі. Сонымен бірге, дінді тек белгілі бір шартты ұғымдармен ғана түсініп, өз мақсат-мүддесіне айналдырып жүргендердің әрекеті.
Ислам - ізгілік пен махаббаттың діні. Өйткені әрбір ғибадаттың өзі жүректен шыққан махаббатпен шынайы түрде жасалуы тиіс. Ал жүрегің таза болмаса, ниетің ақ болмаса, көзге көрсету үшін жасаған ғибадатыңнан пайда жоқ. Абай атамыздың:
«Алдыңғы үші бекітпей соңғы төрті,
Қылғанмен де татымды бермес жеміс»,-деген ойының өзі сопылық ілім діннің негізі екенінің көрінісі.
- Ақиқатты исламнан іздеген қалың көпшілікке, оның ішінде жастарға не айтасыз?
- Ислам - ғылым мен білімге негізделген дін. Себебі алғаш түскен аятта «Оқы!»,-деген бұйрықпен түскен. Біз оны шартты түрдегі тар түсініктермен емес, ғылыми таным тұрғысынан тануымыз керек. Сонда ғана ол жоғары дәрежеде мемлекетіміздің тұрақтылығы мен халқымыздың бақытпен қауышуына қызмет ете алады. Дінде зорлық жоқ. Әркім оны өзінің таза жүрегі, нұрлы ақылымен қабылдағаны жөн. Менің басты тілегім - еліміз аман, жұртымыз тыныш, ғибадатымыз шынайы, қазақ мұсылмандығына лайық болса екен.
- Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Жанат Қапалбаева