13:39, 29 Қаңтар 2009 | GMT +5
Исламдық банк жүйесі бойынша шариғатта тыйым салынған өндірісті және сауданы қаржыландыруға тыйым салынады ? М. Байсынов
АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ислам банктерін ұйымдастыру мен олардың қызметі және исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасының негізгі мақсаты елімізге исламдық қаржыландыру құралдарын енгізу болып табылады. Бұл мәселеге байланысты Мемлекет басшысы Үкімет пен Қаржылық қадағалау агенттігіне тиісті тапсырма жүктеген болатын.
«Қазақстанда исламдық қаржыландыру құралдарын енгізу мәселесі әлемдік қаржы нарығындағы күрделі жағдайға және оны шешудің жолдарын іздеу қажеттілігіне байланысты айрықша өзекті болып отыр. Осы заңды қабылдау ислам қаржы тетіктерін дәстүрлі тетіктерге тиімді балама жасауға мүмкіндік береді. Құжаттың негізгі мақсаты ислам банктерінің, ислам банктері қызметінің құқықтық негіздерін және ерекшеліктерін белгілеу, исламдық банктердің қызметін мемлекеттік реттеу мен қадағалаудың нысандарын және әдістерін заң жүзінде бекіту болып табылады. Бұдан басқа заң жобасында исламдық банк операцияларын жүзеге асыру тізбесі мен тәртібі анықталады. Сондай-ақ, дәстүрлі банктерге ислам банктерінің жүйесімен жұмыс істеуге тыйым салынады», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Қаржы нарығы және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі төрайымының орынбасары Мұрат Байсынов.
Оның айтуынша, исламдық банктердің несиелерінде пайыздық өсімдер болмайды тек қарыздық салымдармен жұмыстар жасалады. Сонымен бірге, шариғат заңдарына негізделген исламдық банк жүйесі қару-жарақ шығару өндірісіне, есірткі, ішімдік пен шылым секілді исламда тыйым салынған бизнестік жұмыстарға, құмар ойындар бизнесіне және жалпы харам саналатын шараларға қаржы салымын жұмсамайтын болады.
«Ислам банкингіндегі банктік философиясы дәстүрлік банктерге қарағанда елеулі өзгеше болады. Исламдық қаржыландырудың негізгі қағидаты несиелік пайызды ұстауға тыйым салу болып табылады. Сондай-ақ, исламдық банктер өз істерін белгісіздік жағдайында жүргізе алмайды әрі кездейсоқ жағдайдан болған кірістерді ала алмайды. Сонымен бірге, исламдық банк жүйесімен исламда тыйым салынған өндірісті және сауданы қаржыландыруға тыйым жасалған. Ислам банктері үшін осындай негізгі нысан клиенттің пайдасына және шығындарына қатысу болып табылады. Осыған орай, ислам банктерін қатысу банктері деп те атауға болады», деді М. Байсынов.
Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін Бас комитетке тапсырылады.