Исламдық ипотека үй мәселесiн шеше ме? - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 5 желтоқсан, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болды. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" газетi хабарлауда.
«Оңтүстікте өндіріс те, халықтың тұрмысы да, жастардың білім деңгейі де өсіп келеді», - делiнедi мақалада.
"Қазақтың барлық жері де қастерлі, алайда, Қалағаң, Қалтай Мұхамеджанов ағамыз айтқандай, ұлысымыздың ұйытқысына айналған Оңтүстіктің жөні бөлек, Алтын құрсақ Оңтүстіктің аналары демографиялық ахуалды оңалтуда республикада көш бастап келеді. Халқының саны 3 миллионға жетіп қалса да, атажұртқа оралғысы келетін ағайынның атбасындай алтын көргендей Оңтүстікті шырғалап шықпайтыны және бар. Осындай себептермен халық саны жыл сайын молыға түсіп отыр», - делiнген мақалада.
Газеттiң жазуынша, Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстанға жасаған сапарында өңірде атқарылған жұмыстарға оң баға берді, 6 нысанның ашылу салтанатына қатысқан. Шымкенттің үлкен мүмкіндіктер қаласы екендігін баса айтты.
***
Келер жылдан бастап ислам банкингі принциптерімен ипотекаға үй алуға мүмкіндік туатын түрі бар. Соған орай , « Айқын » басылымы шариғат шарты бойынша берiлетiн несиелердiң негiзгi ерекшелiгi туралы мақала жариялап отыр.
Газеттiң жазуынша, ипотекаға үй алу қазіргідей елімізде проблемалық несиелердің белең алып тұрғанында және елдің баспанаға деген сұранысы жоғары кезінде күрделі болып тұрған саланы аяғынан тұрғызуға аз да болса сеп болмақ.
«Мұның басты айырмашылығы - исламдық немесе халал ипотека шартымен пайыздық өсіммен ақша алу күнә болып саналады. Былайша алып қарағанда, исламдық ипотека да дәстүрлі ипотека сияқты. Ережеге сәйкес, несиегер 21 жыл бойы несие төлейді және оның табысы ай сайынғы төлемақыға жетуі тиіс. Ең бастысы - несие алушы мұсылман өкілі болуы шарт. Мысалы, Англияда мұсылман еместер халал несие алғысы келсе өзге мұсылманды кепілгер ретінде алуы тиіс. Ислам ипотекасының бастапқы жарнасы кемінде 10 пайызды құрайды. Ал қаржыландыру негізінен, 5 жылдан 25 жылға дейін. Бұл жерде атап өтер бір жайт, бастапқы жарна мен несиені қайтару мерзімін банк шешеді. Өйткені қаржыны беріп, тәуекелге бел байлайтын осы қаржы институты. Мәселен, ТМД-ның кейбір елдерінде ислам банктері жылжымайтын мүлікті тек 5 жылға қаржыландырады. Сондай-ақ бастапқы жарна 30 пайыздан кем емес», - делiнген « Исламдық ипотека үй мәселесiн шеше ме? » атты мақалада.
"Қазақстанда бұдан былай «жасыл» ғимараттар тұрғызыла бастайды", - деп хабарлайды « Айқын » газетi « Үкiмет « жасыл » құрылысқа мән бермек » атты мақалада.
Бұл ретте әрине, «жасыл» деген олардың түсін көрсетпейді, табиғатқа тигізер зиянының аздығын бейнелейді.
«Оның үстіне Елбасының тапсырмасымен, қазақ елі әлемдегі 30 «дамыған мемлекет» қатарына кіруге бет қойды. Ал озық елдерде ерікті түрде «жасыл сертификаттаудан» өту құрылыс индустриясының стандартына айналуда. Оның үстіне девелоперлердің әлеуметтік сауалнамалары көрсеткеніндей, дамыған елдерде «жасыл» материалдар мен технологиялардан тұрғызылған тұрғын үй кешендері кең сұранысқа ие болуда. Қазақстан да бұл үрдістен қалыс қалмайды. Ел Үкіметі келер жылдың мамыр айына дейін «Жасыл экономика туралы» заң жобасын әзір етпек. Бұл жоба қазір жазылу үстінде. Жаңа тұрпатты құжат қолданыстағы кодекстер мен заңдарға өзгерістер енгізіп, оларды арнайы тұжырымдамада көрсетілген «жасыл индикаторлармен» сәйкестендіреді», - деп жазады мақала авторы.
***
«Мәскеу санкциясына ұшыраған Еуропаның тауар өндiрушiлерi Ресей нарығына шығу үшiн Қазақстан жерiн жиi пайдалана бастады», - деп жазады ресми тiлдi «Экспресс К» басылымы.
«Көп ретте оның жолы кеден және шекара қызметтерiмен кесiлгенiмен, аз да болса, нарыққа шығып кетудiң мүмкiндiгi бар. Осыдан бiрнеше күн бұрын қазақстандық-ресейлiк шекарада ет артылған 254 iрi жүк көлiктерi тоқтатылды. Барлық тауарды Ресейдiң аймақтық нарықтарында сату көзделген. «Бiз Ресейге импорттық тауарларды өткiзудiң жаңа жолын әшкереледiк», - деп хабарлайды Россельхознадзор. Анықталғанындай, Еуропалық одақтан жеткiзiлетiн ет Литва-Беларусь шекарасына келетiн болған. Кейiн өнiм Беларусь жерiне бразилиялық жалған ветеринарлық және литвалық жүк сертификаттарымен енген. Содан соң ол транзиттiк жүк ретiнде Ресей арқылы Қазақстанға жеткiзiлiп, ветеринарлық және кедендiк рәсiмдеуден өтiп, ашық саудаға түскен», - деп түсiндiредi ведомствода», - делiнген « Пришла еда, откуда не ждали » атты материалда.