Исламның атын жамылып, лаңкестік әрекет жасағандарды мүлдем ақтауға болмайды - Н.Сәндібаева

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда жаһандық бет-бұрыстармен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен бұрқ ете қалатын лаңкестік-террорлық деген оқиғалар өршіп кетті. Бұрын «Е, құрысын бұл тек шетелдерде ғана ғой...» - деп ойлайтын болсақ, бұл жолы өз елімізден шығып, қаншама бейкүнә жан өмірмен қош айтысып, артында жесірлері мен жетімдері қала берді, дейді Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Назира Сәндібаева.

«Лаңкестіктен жүректері шайлыққан көп мемлекеттер ислам десе үрке қарап, мұсылман бауырларымызға күдікпен қарайтын болды... Лаңкестік әрекеттердің халықтың бейбіт және тыныш өмірінің шырқын бұзды. Елімізді дүрліктіріп, халықты шошытқан Ақтөбе қаласында орын алған оқиғадан соң, дер кезінде «террористік қауіптіліктің сары деңгейі» жарияланды. Сондықтан да исламның атын жамылып, жасалған лаңкестік әрекеттерді ақтауға мүлдем болмайды. Керісінше, барынша қаталдықпен жазалануы керек», - деді ол.

Сонымен қатар ол барша мұсылман үшін қасиетті болған Рамазан айының қарсаңында елді дүрліктіріп, халықтың басын қауіпке тіккендерге, қан төгіске жол берушілерге кешірім бола қоймастығын баса айтты. Қанды оқиғаның құрбаны болған отандастарымыздың отбасы мүшелерінің орны толмас қайғысына ортақтасып, ел болып көңіл айтты.

«Орнында қалса, оңалар» дегендей, қаза болғандардың жанұяларына мықтылық пен сабырлылық тілейміз. Елбасымыз Н.Назарбаевтың 9 маусым күнін жалпыұлттық аза күні деп жариялап, елімізді тыныштық пен татулыққа, келісімге шақыруы, қаралы отбасылардың көңіліне медет, жандарына шапағат нұрын төккендей болды. Президенттің жүргізіп отырған саясатын дұрыс жүзеге асырып, бейбіт елдің іргесін сөгуге жол бермеуіміз керек. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді дегендей, барынша ынтымақ пен ауызбірлікке ұмтылып, ел тыныштығын сақтауға үлесімізді қосайық. Әлем қызыға қарайтын, халқымыздың ұйып отырған ауызбірлігін, тыныш өмірі мен бейбіт тіршілігін, елдің ерен еңбегімен қол жеткізген тұғырлы Тәуелсіздігімізді сақтауға барынша күш салайық, бауырлар»,-  дейді Н.Сәндібаева.

Соңғы жаңалықтар