Испания Еуропалық Одақты сағат тілін жылжытудан бас тартуға шақырады

АСТАНА. KAZINFORM — Испания премьер-министрі Педро Санчес Еуропалық Одақты маусымдық уақытты өзгерту тәжірибесінен түбегейлі бас тартуға шақырды, деп хабарлайды ВВС.

Жаңа уақыт белдеуі: Қазақстандықтар бір жылда неше рет сағат тілін өзгертеді
Фото: pexels.com

Ол X платформасында жарияланған бейне үндеуде биылғы жылдың 26 ​​қазанына жоспарланған қысқы уақытқа көшудің еш мәні жоқ екенін айтты. Санчес Еуропалық комиссия 2018 жылы сағатты өзгертуді жоюды ұсынғанын, бірақ содан бері ешқандай шешім қабылданбағанын еске салды.

Премьер-министрдің айтуынша, Испания және Еуроодақтың басқа елдеріндегі азаматтардың көпшілігі уақыттың өзгеруіне қарсы. 

Ол социологиялық сауалнамалар мен ғылыми зерттеулерді мысалға келтірді. Сағаттың маусымдық өзгеруі энергияны үнемдеуге айтарлықтай әсерін тигізбейді. Бірақ халықтың денсаулығы мен күнделікті өміріне кері әсер етеді.

20 қазанда Люксембургте өткен ЕО көлік, телекоммуникация және энергетика министрлері саммитінің күн тәртібіне уақытты өзгерту мәселесі енгізілмегенімен, Испанияның энергетика жөніндегі мемлекеттік хатшысы Джоан Гройзар оны талқылауды ұсынды.

Еуропалық комиссия 2018 жылы жүргізген сауалнамаға сәйкес, ЕО тұрғындарының 84% маусымдық уақыт өзгерісін жоюды қолдады. 2024 жылы Германияда респонденттердің 74%-ы осындай пікір білдірді. Польша, Финляндия және басқа да бірқатар елдер де жазғы және қысқы уақытты алып тастауды қолдайды.

Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты сұраққа пікір білдірді.

Соңғы жаңалықтар