Испания ханшайымы жойғыш ұшақты басқаруды меңгеріп жүр
АСТАНА. KAZINFORM – Испания тағының мұрагері, Астурия ханшайымы Леонор әскери даярлық аясында жойғыш ұшақтарды басқару курсын өтіп жатыр. Бұл туралы BILD хабарлады.
Ол бірнеше күн бұрын Лос-Льянос әуе базасына барып, болашақ испан офицерлеріне арналған Eurofighter жойғыш ұшақтарының таныстырылымына қатысты.
Леонор 2023 жылдан бері корольдік дәстүрге сай құрлық әскері, әскери-теңіз флоты және әуе күштері бағыттары бойынша кешенді әскери дайындықтан өтіп келеді.
Бұған дейін оның әкесі, Испания королі Филипп VI да дәл осындай даярлықтан өткен. Бұл елдің Жоғарғы бас қолбасшысы қызметін атқару үшін қажет саналады.
Лос-Льянос базасынан кейін ханшайым Талавера-ла-Реаль әскери базасына барып, нұсқаушымен бірге F-5 оқу-жаттығу ұшағымен әуеге көтерілген. Бұл ұшақтар жойғыш ұшақ ұшқыштарын даярлау үшін пайдаланылады.
Сондай-ақ Леонор бұған дейін Pilatus PC-21 оқу ұшағымен жеке өзі де ұшу орындаған. Бұл оның оқу бағдарламасы аясындағы екінші дербес рейсі болған.
Ханшайым әскери-теңіз флотындағы даярлықтан да өткен. Ол 113 метрлік төрт діңгекті Juan Sebastián de Elcano оқу желкенді кемесінде матрос ретінде қызмет атқарды. Курс барысында ол діңгектерге көтеріліп, желкендерді жинау және орнату жұмыстарын орындаған.
Әскери дайындық 2026 жылдың жазында аяқталған соң, Леонор Мадридтегі Карлос III университетінде саясаттану мамандығы бойынша білім алуды бастайды. Университеттегі оқу да оның болашақ монарх ретіндегі дайындығының бір бөлігі саналады.
Айта кетейік, Испания премьер-министрінің зайыбына сыбайлас жемқорлық жасады деген айып тағылды.