Испания мигранттар легіне байланысты Сеутаға әскер жібереді
АСТАНА. KAZINFORM — Сеута билігі анклавтағы көші-қон дағдарысына байланысты Мадридтен төтенше жағдай режимін енгізіп, шұғыл шаралар қабылдауды сұрады. Соңғы екі аптада анклавқа 2 мыңға жуық заңсыз мигрант кірген, деп хабарлайды Euronews.
Испания билігі бейсенбі күні Солтүстік Африкадағы Сеута анклавына қауіпсіздікті күшейту үшін әскери күштер жіберетінін мәлімдеді. Себебі анклавқа күн сайын жүздеген мигрант келіп, жергілікті шекарашылар олардың легін тоқтатуға үлгермей отыр.
Жергілікті әкімшіліктің мәліметінше, теңіз арқылы шекараны заңсыз кесіп өту әрекеттері күніне шамамен 300-ге жеткен және бұл көрсеткіш артып келеді. Соңғы 12 айда осы бағытпен өтпек болған 60-тан астам адам көз жұмды.
Сеута президенті Хуан Хесус Вивас Испания үкіметін елде төтенше жағдай жариялап, автономиялық қаладағы жағдайды тікелей бақылауға алуға шақырды. Сондай-ақ ол жергілікті қызметтердің шамадан тыс жүктемеге тап болғанын айтып, қосымша қаржы мен ресурстар бөлуді талап етті.
Алайда Испания Ішкі істер министрлігі әзірге мұндай шешімді қабылдаудан бас тартты. Ведомствоның түсіндіруінше, елдің азаматтық қорғаныс туралы заңнамасында көші-қон ағындары Ұлттық азаматтық қорғау жүйесі аясындағы төтенше қауіп-қатерлер қатарына жатқызылмайды.
Euronews мәліметінше, осы күні Испания мен мигранттардың негізгі бөлігі келетін Марокко заңсыз түрде Сеутаға жеткен адамдарды жедел түрде Мароккоға қайтару туралы келісімге қол жеткізді.
Соңғы екі аптада Сеутаға заңсыз жеткендердің саны шамамен 2 мың адамға жеткен. Олардың басым бөлігі — жас ер адамдар, сондай-ақ әйелдер мен балалар да бар. Алайда олардың саны көп емес.
Бұған дейін АҚШ заңсыз мигранттарды депортациялау үшін мемлекеттік әуе компаниясын құратыны туралы жаздық.