Испания Сеутадағы кәмелетке толмаған мигранттар санын қайта есептеді
АСТАНА. KAZINFORM - Испанияның Ұлттық полициясы Сеутада тіркелген кәмелетке толмаған мигранттар санын 2 168-ден шамамен 1 500 адамға дейін қысқартты. Бұған дерекқорды тексеру және мәліметтерді нақтылау себеп болған, деп хабарлайды Euronews.
Испания Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, бір балаға қатысты жүргізілген кейбір рәсімдер жүйеге бірнеше бөлек іс ретінде енгізілген. Соның салдарынан статистикалық көрсеткіш екі есеге көбейіп кеткен.
18 тамызда полиция 30 шілдеде Мароккодан адамдар жаппай келгеннен кейін Сеута билігіне 2 168 кәмелетке толмаған адам анықталып, тіркеліп, тапсырылғанын хабарлаған еді. Мәліметтерді тексергеннен кейін олардың саны шамамен 1 500 адам екені анықталды.
Бұл санға 30 шілдедегі жаппай келуге дейін Сеутадағы балаларды қорғау қызметтерінің қарауында болған кәмелетке толмағандар да кіреді.
Ішкі істер министрлігі жеке басына қатысты деректерді анықтау рәсімдері әлі жалғасып жатқандықтан, алдағы күндері бұл көрсеткіштің өзгеруі мүмкін екенін ескертті.
Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандар Сеутада қалып отыр. Билік оларды орналастырудың бірнеше нұсқасын қарастырып жатыр. Соның ішінде Сеутаның қабылдау мүмкіндігі шектеулі болуына байланысты мигранттарды Испанияның басқа автономды қауымдастықтарына бөлу және кейбірін шыққан елдеріне қайтару мәселесі қаралып жатыр.
Кәмелетке толмағандардың арасында Чад пен Суданнан келген балалар мен жасөспірімдер бар. Бұл елдерде қарулы қақтығыстар мен ауыр гуманитарлық дағдарыстар жалғасып отыр.
Save the Children сияқты ұйымдар олардың кейбірі халықаралық қорғауға құқылы болуы мүмкін екенін еске салды. Ұйым әйелдер, қыздар мен жасөспірімдердің мәжбүрлі некеге тұру, жыныстық зорлық-зомбылық және адам саудасына ұшырау қаупі жоғары екенін атап өтті.
Орталық үкімет бейсенбі күні автономды қауымдастықтарды арнайы конференцияға шақырып, қабылдау жүйесіне түсетін жүктемені азайту мақсатында кәмелетке толмаған мигранттарды өңірлер арасында бөлу мәселесін талқыламақ.
Кездесуде Сеутаның кәмелетке толмағандарға көмек көрсету және оларды орналастыру жүйесін күшейтуге 25 млн еуро бөлу мәселесі де қаралады.
Басылымның мәліметінше, Халықтық партия өкілдері басқаратын өңірлік үкіметтер үкімет ұсынған бөлу схемасына қарсылық білдірген.
Ал Арагон, Эстремадура және Кастилия-Леон автономды қауымдастықтарындағы Vox партиясы жауапты коалициялық үкіметтер кездесуге мүлдем қатыспайтынын мәлімдеді.
Кәмелетке толмағандарды шыққан елдеріне қайтару да қарастырылып отырған нұсқалардың бірі. Алайда бұл үшін бірқатар заң талаптарын орындау қажет.
— Тағы бір нұсқа — кәмелетке толмағандарды шыққан елдеріне қайтару. Алайда бұл үшін маңызды заң талаптары орындалуы керек. Әрбір істі жеке қарау нәтижесінде ғана қайтару баланың мүддесіне сай келетін ең тиімді шешім екені анықталса, оны жүзеге асыруға болады. Сондықтан іс жүзінде мұндай қайтарулар сирек кездеседі, — делінген жарияланымда.
Испанияның Жоғарғы соты 2021 жылғы көші-қон дағдарысынан кейін кәмелетке толмағандарды Мароккоға жаппай қайтаруды заңсыз деп таныған.
Жоғарғы сот көші-қон заңнамасында көзделген кепілдіктердің, соның ішінде әр баланың жағдайын жеке бағалау міндетінің сақталмағанын анықтаған.
Бұл кепілдіктер Испания мен Марокко арасында 2007 жылы жасалған, кәмелетке толмағандарды келісілген түрде қайтаруды жеңілдетуге бағытталған екіжақты келісім болған жағдайда да сақталуы тиіс.
Бұған дейін Испанияның Сеутадағы дағдарыс аясында көші-қон заңнамасын реформалап жатқаны хабарланған болатын.