Испания соты Шакираны ақтап алды

АСТАНА. KAZINFORM — Испания соты әнші Шакираны салық алаяқтығы ісі бойынша ақтап, оған қателесіп айыппұл ретінде салынған 55 миллион еуродан астам соманы қайтаруға шешім қабылдады. Пайыздарды қосқанда, жалпы қайтарылатын сома 60 миллион еуро, деп хабарлайды Associated Press.

Испания соты Шакираны ақтап алды
Фото: instagram.com/shakira

Іс 2011 жылғы салық дауына қатысты болды. Мадридтегі сот Испания билігі әншінің елде салық резиденті болғанын дәлелдей алмаған деген қорытындыға келді. Елдің заңнамасына сәйкес, азамат елде жылына 183 күннен астам уақыт өткізсе, салық резиденті болып саналады. Соттың анықтауынша, салық органдары Шакираның 2011 жылы Испанияда тек 163 күн болғанын растай алған.

Салық қызметі әншінің сол уақытта Испаниямен тығыз байланыста болғанын, оның ішінде бұрынғы футболшы Жерар Пике қатынастары және негізгі экономикалық қызметі осында жүргізілгенін алға тартты. Алайда сот Пикемен қарым-қатынасты заң тұрғысынан некеге теңестіруге болмайтынын, сондай-ақ Шакираның «негізгі қызмет орталығы мен экономикалық мүдделері» Испанияда болғанын дәлелдейтін деректер жоқ екенін анықтады.

— Қандай да бір алаяқтық болған емес және салық агенттігі керісінше дәлелдей алмады, өйткені бұл жалған еді, — деді Шакира адвокаттары арқылы таратқан мәлімдемесінде.

Әншінің адвокаты Хосе Луис Прада сот шешімін «айтарлықтай зиян келтірген 8 жылдық сынақтың» аяқталуы деп атады. 

Бұл Испаниядағы Шакираға қатысты жалғыз салық дауы емес. 2023 жылы 2012–2014 жылдарға арналған 14,5 млн еуро салықты төлемеу ісі бойынша әнші прокуратурамен алдын ала келісім жасап, айыптарды мойындап, негізгі сома мен пайыздан бөлек 7,3 млн еуро айыппұл төледі.

Әнші Paradise Papers құжаттарының жариялануында да аталды, онда Мадонна мен Боно сияқты белгілі тұлғалардың офшорлық схемалары ашылды. Соңғы он жылда Испанияның салық органдары спорт жұлдыздарының салық төлеуін қатаң бақылауға алды: футболшылар Лионель Месси мен Криштиану Роналду салық төлеуден жалтарғаны үшін кінәлі деп танылды, бірақ нақты түрме жазасына тартылмады.

Айта кетейік, Германия үкіметі семіздік деңгейінің өсімін тежеу және денсаулық сақтау жүйесіне түсетін ауыртпалықты азайту мақсатында 2028 жылдан бастап денсаулық сақтау реформасы пакеті аясында тәтті сусындарға салық енгізуге ниетті.