Испанияда 1 млн астам адам заңды мигрант мәртебесін алуға өтініш берді

АСТАНА. KAZINFORM – Испанияда 1 миллионнан астам адам ресми мигрант мәртебесін алу үшін өтініш берген, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Испанияда 1 млн астам адам заңды мигрант мәртебесін алуға өтініш берді
Фото: Emerging Europe

Испанияның Көші-қон министрлігінің мәліметінше, өтініштердің көпшілігі елде бірнеше жылдан бері тұрып жатқан, бірақ заңды мәртебесі жоқ шетел азаматтарынан түскен.

Мұндай мүмкіндік өткен жылы қабылданған көші-қон реформасы аясында берілді. Жаңа ережелер елде тұрақты тұрып жатқан адамдарға заңды мәртебе алу рәсімін жеңілдетуге бағытталған.

Билік бұл бастама еңбек нарығындағы көлеңкелі жұмыспен қамтуды азайтып, әлеуметтік қорғау жүйесін нығайтуға ықпал етеді деп есептейді. Сонымен қатар заңдастырудан өткен мигранттар салық төлеп, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыса алады.

Испания үкіметінің бағалауынша, жаңа шаралар алдағы үш жыл ішінде жүздеген мың адамның құқықтық мәртебесін реттеуге мүмкіндік береді.

Алайда бастама қоғамда қызу пікірталас тудырды. Оңшыл саяси күштер реформа заңсыз көші-қонды ынталандыруы мүмкін деп санайды. Ал құқық қорғау ұйымдары мен кәсіподақтар бұл шешімді елде бұрыннан тұрып жатқан адамдардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалап отыр.

Испания Еуропада заңсыз мигранттарды заңдастырудың ең ауқымды бағдарламаларының бірін жүзеге асырып жатқан елдердің бірі саналады.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қырғызстан заңсыз мигранттарға айыппұлсыз елден шығуға мүмкіндік беретінін жаздық.