Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Испанияда алдағы аптада ауа температурасы +45 градусқа дейін көтеріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Испанияда келесі аптада биылғы жаздағы ең күшті ыстық толқыны күтіледі. Елдің Мемлекеттік метеорологиялық агенттігі (AEMET) 22 шілдеден бастап үшінші аптап ыстық толқыны басталып, кей өңірлерде ауа температурасы +45 градусқа дейін жетуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Euronews.

в
Фото: Euronews

Метеорологтардың мәліметінше, ауа температурасы сенбіден бастап көтеріле бастайды. Ыстықтың шарықтау шегі 23 шілде, бейсенбіге сәйкес келеді және қазіргі болжам бойынша кемінде сол күнге дейін сақталады.

– Қазіргі ыстық толқыны Пиреней түбегінің батысында қалыптасқан төмен қысым аймағының атмосфералық бөгелісімен байланысты. Бұл құбылыс Сахарадан ыстық әрі құрғақ ауа массасының солтүстікке қарай жылжуына ықпал етеді, – деп хабарлады AEMET.

Ең жоғары температура Андалусияда, Эбро аңғарында, Хениль өзені алабында және Майорка аралының ішкі бөліктерінде тіркеледі. Бұл өңірлерде бірнеше күн бойы ауа температурасы +40 градустан жоғары болады деп күтіліп отыр.

Синоптиктер күндізгі аптап ыстықпен қатар түнде де ауа температурасының жоғары болатынын ескертті. Мұндай жағдай адам ағзасының қалпына келуіне кедергі келтіріп, әсіресе қарттар мен жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар үшін қауіп төндіреді.

Сонымен қатар орман өртінің қаупі ең жоғары деңгейге жетеді. Таулы аймақтарда жаңбырсыз найзағай ойнауы мүмкін, бұл жаңа өрт ошақтарының пайда болу қаупін арттырады.

Биылғы жаз Испаниядағы метеобақылау тарихындағы ең ыстық кезеңдердің бірі болуы мүмкін. 1 маусым мен 15 шілде аралығында елдегі орташа ауа температурасы климаттық нормадан 3,3 градусқа жоғары болып, 2024 жылғы рекордтан 0,4 градусқа асып түсті.

Аптап ыстық басталмай тұрып-ақ елде екі ірі орман өрті жалғасып жатыр. Сарагоса маңындағы Орес елді мекені маңында шыққан өрт шамамен 15,4 мың гектар аумақты шарпыды. Бұл – биыл Испаниядағы ең ірі орман өрті. Өрттің жалпы периметрі 60 шақырымға жуықтады.

Тағы бір ірі өрт Кастилия — Ла-Манча автономиялық өңіріндегі Ла-Мьерла муниципалитетінде тіркелді. Онда жалын шамамен 6 мың гектар аумақты қамтыған. Билік өкілдері өртті толық бақылауға алу әзірге қиын болып отырғанын мәлімдеді.