Испанияда жастар жалақысының 98%-ы пәтерақыға кетеді

АСТАНА. KAZINFORM – Испанияда жастардың жеке тұрғын үй жалдауға жұмсайтын шығыны орташа жалақысының 98,7%-ына жеткен, деп хабарлайды Euronews.

а
Фото: AP/Emilio Morenatti

Испания Жастар кеңесінің (CJE) Тәуелсіз өмір сүру обсерваториясы жариялаған есепке сәйкес, 2025 жылы 16-29 жас аралығындағы жастардың ата-анасынан бөлек тұру деңгейі 14,5%-ға дейін төмендеген. Бұл – статистика жүргізіле бастағалы бергі ең төмен көрсеткіш.

Зерттеуде жұмыс істейтін жас азаматтың Испанияда жалғыз өзі баспана жалдау үшін таза табысының дерлік бәрін жұмсауына тура келетіні айтылған.

Қазіргі таңда жастардың өз бетінше өмір сүруінің орташа жасы 30-дан асқан.

Испания Жастар кеңесінің төрайымы Андреа Хенри жастар үшін ата-анасынан бөлек шығу кедейленумен тең болып бара жатқанын мәлімдеді.

– Еңбек нарығы мен тұрғын үй нарығы жастармен бір тілде сөйлесуді тоқтатты, – деді ол.

Обсерватория деректеріне сәйкес, Испаниядағы жастардың орташа таза айлығы шамамен 1190 еуроны құрайды. Ал тұрғын үйді жалдаудың орташа құны 1176 еуроға жеткен.

Ұйым өкілдері баспана мәселесі ұрпақтар арасындағы теңсіздіктің басты факторларының біріне айналғанын атап өтті.

Есепте мәселе тек жұмыссыз жастарға емес, тұрақты жұмысы бар азаматтарға да әсер етіп отырғаны айтылған.

– Қазір жастардың едәуір бөлігі жұмыс істесе де, тұрақсыздыққа, шамадан тыс қарызға немесе отбасыға тәуелділікке тап болмай, дербес өмір құра алмайды, – делінген баяндамада.

Сарапшылардың айтуынша, тұрғын үй бағасының өсуі жастарды бөлме жалдауға немесе ортақ пәтерде тұруға мәжбүрлеп отыр. Алайда мұндай форматтың өзі қолжетімді болмай барады.

Ортақ пәтерде тұру шығыны да жастар жалақысының орта есеппен 33,6%-ын құрайды.

Сондай-ақ баяндамада жастардың ата-анасынан бөлек шығуы көбіне отбасының қаржылық қолдауына тәуелді екені атап өтілген.

Испания Жастар кеңесі билікті қолжетімді тұрғын үй қорын көбейтуге және жастардың лайықты баспанаға қол жеткізуін жеңілдетуге шақырды.

– Бұл мәселе құрылымдық сипат алып, тұтас бір буын үшін ауыр салдарға әкеліп жатыр, – деп ескертті ұйым өкілдері.

Айта кетейік, былтыр Еуроодақ басшылары саммитінде алғаш рет баспана дағдарысы талқыланады.