Испаниядағы орман өрті 50 мың гектардан астам аумақты шарпыды
АСТАНА. KAZINFORM – Испанияда соңғы жылдардағы ең ауыр орман өрті маусымдарының бірі жалғасып жатыр. Елде тілсіз жау 50 мың гектардан астам аумақты шарпыды, деп хабарлайды Euronews.
Қазір өртпен күрес негізінен елдің солтүстік-шығысы мен орталық бөлігіндегі ең қауіпті екі ошақта – Гвадалахара провинциясындағы Ла-Мьерла муниципалитеті мен Сарагоса провинциясындағы Орес ауданында жүргізіліп жатыр. Биліктің бағалауынша, бұл өрттер биылғы жылдың басынан бергі ең ірі табиғи апаттардың қатарына енген.
Бейсенбі күні басталған Ла-Мьерладағы өрт қазірдің өзінде шамамен 9,9 мың гектар аумақты қамтыды. Жексенбіге қараған түні өрт сөндірушілер Гаскуэнья-де-Борнова ауданындағы оңтүстік учаскеде жалынмен күресті күшейтті. Сонымен қатар Навас-де-Хадраке мен Бустарес елді мекендеріне өрттің таралуын тежеу жұмыстары жүргізілді.
– Жалынның одан әрі таралу қаупіне байланысты билік Беленья су қоймасының маңындағы елді мекендерді қоса алғанда, 16 ауылдың тұрғындарын эвакуациялады, – деп хабарлады өңірлік билік.
Кастилия–Ла-Манча үкіметінің мәліметінше, қатты желдің әсерінен өрт өте жоғары қарқынмен таралып жатыр. Жалынның таралу жылдамдығы минутына 60 метрден асады. Бұл орман өртінің бақылауға қиын саналатын шектен әлдеқайда жоғары көрсеткіш.
Қазір Испанияның Азаматтық гвардиясы өрттің шығу себептерін анықтап жатыр. Алдын ала болжам бойынша, тілсіз жау астық жинайтын комбайн жүргізген ауыл шаруашылығы жұмыстары кезінде тұтануы мүмкін.
Сонымен қатар Сарагоса провинциясындағы Орес маңындағы өрт 15,4 мың гектардан астам аумақты шарпыған. Өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, өткен түні жалынмен күрес сәтті жүргізіліп, таңертең әуе және жерүсті күштері қосымша тартылды.
Қазір Орес, Асин, Луэсия, Мальпика-де-Арба және Ункастильо елді мекендерінде эвакуациялау туралы бұйрық күшінде. Ал Сос-дель-Рей-Католико, Навардун, Урриес және Кастилискар муниципалитеттерінде жоғары дайындық режимі енгізілді.
Өртті сөндіру жұмыстарына шамамен 450 өрт сөндіруші мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жұмылдырылған. Олар желдің бағыты мен жылдамдығын үздіксіз бақылап, жаңа өрт ошақтарының пайда болуына жол бермеуге, жақын маңдағы елді мекендер мен Сьерра-де-Санто-Доминго табиғи қорық аумағын қорғауға күш салып жатыр.
Айта кетейік, Испанияда алдағы аптада ауа температурасы +45 градусқа дейін көтеріледі.