Испаниялық Viajar журналы Алматыны Орталық Азиядағы ең тартымды бағыттардың бірі деп атады
АСТАНА. KAZINFORM – Испанияның Viajar туристік журналы Қазақстан туралы мақала жариялап, Алматы қаласының туристік әлеуетіне ерекше назар аударды, деп хабарлайды қала әкімдігі.
Жарияланым авторлары Алматыны Орталық Азиядағы ең тартымды туристік бағыттардың бірі деп атаған.
– Мақалада Алматының Тянь-Шань тауларының баурайында орналасқаны, дамыған туристік инфрақұрылымы, бай мәдени мұрасы, сан алуан гастрономиясы және белсенді демалысқа арналған кең мүмкіндіктері атап өтілген, – делінген хабарламада.
Viajar – Испаниядағы жетекші туристік басылымдардың бірі. Журнал ондаған жыл бойы оқырмандарына әлемнің ең қызықты саяхат бағыттары туралы ақпарат ұсынып келеді.
Жарияланым Алматының халықаралық туристік имиджін нығайтып, шетелдік саяхатшылардың қалаға қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, Абай облысында туризм мен мәдениетті ұштастырған фестиваль өтіп жатыр.