Ыстанбұл климаттық қауіптерге қарсы шараларды күшейтпек
АСТАНА. KAZINFORM — Ыстамбұл табиғи апаттардан қорғануды күшейтпек. Дүниежүзілік банк инфрақұрылымды жаңғырту үшін 650 миллион доллар бөлді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Дүниежүзілік банк Ыстамбұлдың табиғи апаттар мен климаттық қауіптерге төзімділігін арттыруға бағытталған ауқымды Istanbul Resilience Project жобасын жүзеге асыру үшін 650 миллион доллар көлемінде несие беруді мақұлдады. Банк өкілдерінің айтуынша, бұл – Түркияның ең ірі қаласында адамдарды, экономикалық қызметті және өмірді қорғауға бағытталған маңызды инвестиция.
Жоба аясында қалалық инфрақұрылымды кешенді жаңғырту көзделген. Атап айтқанда, 250 жаңа жедел жәрдем станциясы, екі іздестіру-құтқару орталығы, 19 өрт сөндіру станциясы және өртті ерте анықтау мұнаралары салынатын болады. Бұдан бөлек, 50 қоғамдық ғимарат – мектептер, әлеуметтік орталықтар мен қарттар үйлері – сейсмикалық төзімділік пен климаттық тұрақтылық талаптарына сай бейімделмек.
Құрылыс шараларынан бөлек, жоба төтенше жағдайларға қаланың дайындық деңгейін арттыруға бағытталған іс-шараларды да қамтиды. Логистикалық қолдау, қызметкерлерді оқыту, техникалық көмек көрсету, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде қаржыны жедел қайта бөлу тетігі енгізіледі.
Istanbul Resilience Project мегаполис тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болмақ және қаланың климаттық әрі табиғи қауіптерге қарсы тұру қабілетін күшейтеді.
Бұған дейін Түркияның ирригация жүйесін жаңғырту үшін Дүниежүзілік банктен 1 миллиард еуродан астам қаражат алғаны хабарланған болатын.
Түркия белсенді түрде ғылымға қаржы құя бастады.