Ыстанбұл – Шымкент рейсінің жолаушысынан 25 дана діни әдебиет тәркіленді
АСТАНА. KAZINFORM – Шымкент халықаралық әуежайында діни мазмұндағы материалдарды заңсыз алып өту әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Көлік полицейлері Ыстанбұл – Шымкент бағытындағы әуе рейсінің жолаушыларын тексеру кезінде Түркістан облысының 47 жастағы тұрғынынан 25 дана діни әдебиет тапқан.
– Аталған азамат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұза отырып, діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы өзге де материалдарды ел аумағына алып кіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазанов.
Полицияның мәліметінше, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, діни әдебиеттер мен өзге де діни мазмұндағы материалдарды ел аумағына тек мемлекеттік тіркеуден өткен діни бірлестіктер ғана дінтану сараптамасының оң қорытындысы болған жағдайда әкеле алады.
Ал жеке пайдалануға арналған материалдарды әр атауы бойынша бір данадан ғана алып өтуге рұқсат етіледі.
Бұған дейін Байқоңыр қаласы тұрғындарының үйлерінен 180-ге жуық діни әдебиет табылған болатын. Аталған факті бойынша діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу дерегімен әкімшілік хаттамалар толтырылған.