Ыстанбұлда ауа райының қолайсыздығынан ондаған рейс тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қалың қар мен бұрқасын Түркияның ең ірі қаласында көлік пен авиация жұмысына кедергі келтірді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Ыстанбұлда қалың қар жауып, мектептердегі сабақтарды бір күнге тоқтатуға және қоғамдық көлікті шектеуге мәжбүр етті. Қала әкімшілігі бұл шешімді ауа райының қолайсыздығы мен болжамдарға сілтеме жасап жариялады.
Ауа райы қызметтерінің мәліметінше, бүгін температура 4-9 градус Цельсийге төмендеді. Солтүстіктен бағыт алған жел 50-70 км/сағ жылдамдықпен соғады, ал жағалаудағы аудандарда әлі де қар жаууы мүмкін. Сондықтан мектептердегі іс-шаралар бір күнге тоқтатылды.

Ауа райы әуе қатынасына да айтарлықтай әсер етті. Ұлттық тасымалдаушы Turkish Airlines Ыстанбұл халықаралық әуежайынан 54 рейсті, AJet Сабиха Гөкчен әуежайынан 24 рейсті, ал Pegasus әуе компаниясы тағы 46 рейсті тоқтатты.
Метеорологтер Түркияның 54 провинциясы үшін сары деңгейлі ескерту жариялады.
Бұған дейін Ыстанбұлдағы қолайсыз ауа райының қала тұрғындары мен қонақтары үшін кері әсерін тигізіп жатқанын хабарлаған едік.