Ыстанбұлда қонақ үй туристердің қазасынан кейін жабылды
АСТАНА.KAZINFORM - Ыстанбұлда бір қонақ үйден бір сәтте бірнеше адам асқазан ауруына шағымданып, ауруханаға түсті. Тергеушілер қасақана улау болуы мүмкін деген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Ыстанбұл билігі бір отбасынан үш бірдей адамның қазасы мен әкесінің ауруханаға жатқызылуынан кейін Фатих ауданындағы қонақ үйді жауып тастады. Отбасы Германиядан Түркияға демалысқа барған.
Полиция 9 қарашада Бёджектер отбасы тоқтаған қонақ үйді бақылауға алды. Барлық 15 қонақ шұғыл түрде эвакуацияланып, басқа қонақ үйлерге көшірілді. Қонақ үй иесі мен ұлы және дезинфекциялық компания қызметкері тұтқындалды, олар қонақтар келгенге дейін төрт күн бұрын ғимаратты зиянкестерден тазартқан. Тергеушілер қолданылған химиялық зат ауаға тарап кеткен болуы мүмкін деп күдіктенеді.
Сонымен қатар, іс бойынша тағы екі жәбірленуші анықталды: Италия мен Мароккодан келген туристердің жүрегі айнып, Таксимдегі клиника дәрігерлері олардың жағдайын тез арада тұрақтандырды.
AFAD сарапшылары ғимараттағы су мен ауаны тексерді. Қазіргі уақытта ластану анықталған жоқ, бірақ токсикологиялық зерттеулер жалғасып жатыр. Барлығы сегіз адам ұсталды, оның ішінде жақын маңдағы наубайхананың иесі және көшедегі мидия сатушысы да бар, олардың өнімдері де тексеріліп жатыр.
Сараптама кезінде отбасы мүшелерінің бірінің асқазаны токсиндердің немесе өткір химиялық зат әсерінен зақымданғаны анықталды. Балаларда ұқсас белгілер байқалмады. Отбасы тек қонақ үй салқындатқышынан су ішкен.
Отағасы әлі күнге дейін жасанды тыныс алу аппаратында жансақтау бөлімінде жатыр, оның жағдайы тұрақты. Полицияның арнайы бөлімі де қасақана улану мүмкіндігін тергеп жатыр.
Айта кетейік, Ыстанбұлда әйгілі әртістер мен әншілер есірткі дауына ілікті.